Жарықтың да зияны барын білесіз бе?

Жарықтың адамзат үшін пайдасы көп. Сан қатерден сақтайды. Түнде жолыңды көресің, үйде де, түзде де оның көмегімен шаруаңды атқарасың.

Бірақ оның пайдасымен қатар зияны да барын білесіз бе? Қазір Жер бетінің төрттен бір бөлігі жарықтан ластанып жатыр. Бұл аймақтарда дүниежүзі халқының шамамен 80% тұрады. Халықаралық Dark Sky ғалымдары жарықтың ластануын жасанды жарықты шамадан тыс пайдаланудан дейді.

Бүгін ЮНЕСКО-ның бастамасымен жер бетінде барлық тіршілік иесі үшін маңызды – Халықаралық жарық күні аталып өтеді. Негізгі мәні – барша адамзатты электр қуатын үнемдеуге шақыру.

Иә, түнгі қаланың көрінісі қашан да көздің жауын алады. Жарық қала – қауіпсіз. Дегенмен одан адамға да, қоршаған ортаға да келер залал көп.

Жасанды жарықтың адам денсаулығына әсері

Түнгі жарық ең алдымен инсульт алу қатерін арттырады.

Қытай ғалымдары бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізе келе түнгі жарықтың ми қан айналымын бұзатынын анықтады. Ғалымдар Нинбо қаласындағы 28 мың 302 тұрғынның медициналық деректерін талдаудан өткізген. Нәтижесінде 1287 адам инсульт, 777 ишемиялық және 133 адам геморрагиялық ауруға шалдыққан.

Қаладағы көптеген жасанды жарық көзі – нашар көңіл күй, қант диабеті, сүт безі қатерлі ісігі сияқты аурулардың пайда болуына да әсер еткені байқалады. Бірақ адам аурудың себебін жасанды жарықтан емес, басқа дүниеден іздейді. 

Адам организміне қажетті мелатонин тек түнде ғана бөлінеді. Сондықтан түнгі ұйқы қанық болуы керек. Яғни, түнде барлық қаланың шамдары өшірілуі қажет. Сондай-ақ, жол-көлік қозғалысын шектеген абзал – дейді, Андалуси астрофизикалық институтының зерттеушісі Алисия Пелегрина.

Жасанды жарықтың жануарларға әсері

Жарық көшелермен адам адаспағанымен, құстар бағытынан жаңылады.

АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Дрексель университеті экологтарының айтуы бойынша, әлемде жыл сайын 100 миллион құс ғимараттарға соғылып өледі. Жарық сәулелердің кесірінен олар аспанда адасып қалады. Өйткені, үйлер мен кеңсе ғимараттарындағы шамдардың жарығы 240 шақырым қашықтыққа дейін таралады.

Жарықты шамадан тыс пайдалану өсімдіктер мен жануарлар тіршілігіне қауіп төндіреді. Құстарды ұшу бағытынан жаңылыстырады. Қоныс аударуына да кедергі келтіреді. Сондай-ақ, құс өлімінің 60%-і осы жасанды жарықтан болады – дейді Алисия Пелегрина.

Жарықтың дұрыс бағытталмауы – ысырап

Түнгі қаланың шамы көшені жарықтандырудан бөлек, жарнама, бағдаршам, ғимараттар, автотұрақтар мен спорт алаңдарын жарықтандыру үшін жұмсалады.

Халықаралық Dark Sky қауымдастығы жасанды жарықтың дұрыс бағытталмауы оның 35 пайызының босқа кетуіне себеп болады деп есептейді. Мәселен, АҚШ әр кеш сайын көшелер мен ғимараттарды жарықтандыруға 3 миллиард доллар жұмсайды.

Сондай-ақ, қазірде Гонконг – әлемдегі ең әдемі түнгі қала сәйкесінше жарықпен ластанған қала. Зерттеушілердің пікірінше, Венаға немесе Берлинге қарағанда Гонконгта түнгі жарық 100-200 есе көп. Кейінгі орындарға Лас-Вегас, Токио, Сеул және Нью-Йорк қалалары кіреді.

Жарықтың ластануы – экологиялық проблема. Жыл сайын жер бетінің жарықтандырылған бөлігі және түнгі аспандағы жасанды жарықтың қарқындылығы 2,2%-ға артып отырады. Бұл көрсеткіш одан ары өсе берсе, жаһандық қауіпке тап болуымыз ғажап емес – дейді Халықаралық Dark sky қауымдастығы.

Электр энергиясын өндіру үшін көмір жағамыз, радиоактивті отынды пайдаланамыз. Осылайша, электр энергиясын өндіру қымбатқа түсіп қана қоймайды, қоршаған ортаға да теріс әсерін тигізеді. Кез келген электр станциясы қоршаған ортаға белгілі бір деңгейде зиян келтіреді. Сол себепті электр энергиясын үнемдесек, электр станцияларының қажетті қуаты айтарлықтай азаяды.