Таяу шығыс. Соғыс һәм жоғалған ұрпақ
Қақтығыс аймағы – Газа секторындағы балаларға обал болды.
Қарулы жанжалдың кесірінен жас буын білім ала алмай, жоғалған ұрпаққа айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы шабуылдар басталғанға дейін Газада сауаты жоғары 625 мың оқушы және 20 мың мұғалім болғанын айтады.
Былтыр 7 қазанда Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс басталған күні Газа секторындағы барлық мектеп жабылды. Оқу орындарының 90 пайызы қираған.
Манал әл-Бухаиси, мұғалім:
- Газа секторында әркім өз басымен қайғы болып жүр. Оқу жайына қалды. Балалардың білім алуға деген еш ынтасы жоқ. Көңілдері алаңдаулы. Серпіліп еш оқи алмайды. Бәрінің психикасы бұзылған. Мына соғыс мектептерді жермен-жексен қылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Газа секторында 19 мың бала жетім қалған. 2 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің 30 пайызы күніне тойып тамақ ішпейді.
Соғыс үлкендерге қарағанда балаларға үлкен психологиялық соққы берді. Жақында ғана ата-анасынан айырылған балалар қалай білім алмақ? Қайғыдан қан жұтқан көңілге оқу қона ма? Олар білім емес, өлім туралы ойлайды – дейді БҰҰ өкілдері.
Израиль мен Мысыр Газа секторымен арадағы шекараны жауып тастады. Бірде бір палестиналықты өткізбейді.
Тесс Инграм, ЮНИСЕФ маманы:
- Газа секторы мен Украинадағы жағдайды салыстырсақ, Украинада балаларды көршілес Польшаға көшіріп, оқуын жалғастыруға жағдай жасалды. Мұндай мүмкіндік Газа тұрғындарында жоқ. Оларды шын мәнісінде оқшаулап тастады. Ешқайда шыға алмайды.
Аймақта халықаралық гуманитарлық топтар жұмыс істеп жатыр. Олар қыркүйекте атыс тоқтап, сабақ толыққанды жалғасын табатын шығар деп үміттенеді. Бірақ қираған мектептерді қайта тұрғызуға бірнеше жыл қажет.
Біз бәріміз балаларымыздың болашығына балта шаптық. Білімсіз ұпақ өсіп келеді. Үйлердің қирағаны мәселе емес. Баспананы қайта салуға, ақшаны қайта табуға болады. Ал жоғалған ұрпақты қайта тәрбиелеу, олардың жан жарасын емдеу ... - ең қиын мәселе осы – дейді жергілікті тұрғындар.
Қазір шағын топтарда сабақ өткізіліп жатыр. Бірақ сабақ деген аты ғана. Мұғалімдер көп жағдайда ойын, сурет, драма және өнер сабақтарын өткізуге тысыруда. Олар салмақты, күрделі тапсырмаларға балалардың шамасы жетпейді дейді. ЮНИСЕФ осы айда 6 мың балаға арнап сабақ өткізу үшін 50 шатыр тігуді жоспарлаған. Бірақ Израильдің әскери операциясы бұған кедергі жасады.
Бізде сабақ негізі 1 ай бұрын толыққанды басталуы керек еді. Бірақ тыныштық болмаған соң, балалар оқу оқып жарытып жатқан жоқ. Бір айда 5 әріпті де үйрете алмай қойдық. Оқушылардың миына қонбайды. Қорқыныш-үрей санасын әбден құрсаулап тастаған. Қайран білімсіз бос өтіп жатқан балалық шақ! – дейді мұғалім.
Газаның Денсаулық сақтау министрлігі соғыста 35 мыңнан астам палестиналықтың ажал құшқанын айтады. Сондай-ақ халықтың 80 пайызы үйін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ