Ресей қант квотасын ұлғайтатын болды

Ресей Қазақстан үшін қант квотасын тағы 100 мың тоннаға арттырады.

Екі елдің вице-премьерлері Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук Қазанда өткен келіссөздер барысында осындай келісімге келді. Кездесу «Ресей - ислам әлемі» форумы аясында жүрді. Кездесуде ағаш материалдарын Ресейден Қазақстанға тасымалдау үшін өткізу пункттері санын арттыру жағы талқыланды. Еске сала кетейік, мамыр айының басында Ресей үкіметі осы жылдың 31 тамызына дейін қант шығаруға уақытша тыйым салу туралы қаулы қабылдады. Қазақстан үшін 120 мың тонна қарастырылған. Қоймалардағы қордың жеткілікті болуына қарамастан қант тұтынудың ең жоғары маусымы қарсаңында қазақстандық тарап жеткізу квотасын ұлғайту туралы мәселе көтерді. Енді уағдаластық мамыр айының соңында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында қаралады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қытайлық серіктестерімізге Ресеймен мультимодальды бағыт ұсындық. Яғни жүкті Ертіс өзенімен Зайсанға дейін кеме арқылы тасымалдап, кейін теміржолмен жөнелту. Сонымен қатар, Шүлбі гидроэлектростанциясының екінші кезегін салу мәселесін талқыладық. Әуе компанияларының Қазақстанға қосымша рейс ашуын да сөз еттік. Біз Түркістанға рейстер ашуды сұрадық. Менің ойымша, бұл мәселе шешілді.

Алексей Оверчук, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары:

- Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Біз «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін қалай бірге дамыту керектігін талқыладық. Мұнда да Қазақстан мен Ресейдің мүдделері толығымен сәйкес келеді. Біз ресейлік және қазақстандық өнімдерді оңтүстіктегі елдерге шығаруға мүдделіміз. Себебі бұл мемлекеттердің нарығы дамып, тауарымызға деген сұраныс артуда. Сондықтан осы мәселе тығыз байланыс орнатып жатырмыз.