Бішкектегі жаппай тәртіпсіздіктен 29 адам зардап шекті
Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік кезінде 29 адам зардап шеккен.
Түнде қала көшелеріне жүздеген тұрғын шығып, наразылық білдірген еді. Оған бірер күн бұрын шетел азаматтарымен болған жанжал себеп.
13 мамыр күні Бішкектегі хостелдердің бірінде шетелдіктер мен жергілікті азаматтар арасында жанжал туды. Төбелес кезінде шетелдіктер жергілікті тұрғындарды ұрып-соққан. Осы оқиғаға байланысты кеше кешкісін жүздеген жас жігіт көшеге шығып, кінәлілерді жазаға тартуды талап етті. Сонымен қатар заңсыз жүрген шетелдіктерді елден шығару мәселесін қозғап, Бішкектегі ең ірі 2 көшені жауып тастады. Осыдан кейін милиция тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін дереу тосқауылдар қойып, қауіпсіздікті күшейтті.
Эсен Толомушов, наразылық акциясына қатысушы:
- Қамауға алынған жігіттерді босатып, ел аумағында жүрген шетелдіктердің мәселесін шешуді талап етеміз. Көбінің құжаты жоқ. Олардың елімізге қалай келгенін ешкім білмейді. Осыған байланысты тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Заң бар болса, ол орындалуы қажет.
Тәртіпсіздік кезінде 29 адам зардап шекті. 15-і ауруханаға жеткізілсе, қалғанына оқиға орнында көмек көрсетілген. Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір 2 науқас дәрігерлер бақылауында. Оларға бас-ми жарақаты мен мидың шайқалуы диагнозы қойылған. Ал түнгі оқиғаға қатысты Қырғызстанның мемлекетттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев шұғыл мәлімдеме жасады.
Қамшыбек Тәшиев, Қырғызстанның мемлекетттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Біз көшеге шыққан азаматтардан теріс пиғыл байқамадық. Десе де араларында арандатушылар болды. Олардың кім екені анықталды. Жуық арада ұсталып, жауапқа тартылады. Себебі WhatsApp-пен телефон арқылы арандатушылық бағыттағы хабарламалар таратып, мемлекетке қарсы әрекеттерге үндеген. Тіпті қаруланған адамдардың болғаны да белгілі. Бәрі қамауға алынды. Енді жауапқа тартылады.
Жаппай тәртіпсіздік таңға таман басылды. Сағат 10-дар шамасында Бішкек көшелеріндегі көлік қозғалысы қалыпқа келтірілді. Ішкі істер министрлігі шаһарда ахуал толығымен бақылауда екенін айтады. Ал Пәкістан елшілігі өз азаматтары арасында зардап шеккендердің жоғын мәлімдеді. Үндістанның дипломатиялық өкілдігі болса Қырғызстанда жүрген азаматтарына ескерту жасап, үйден шықпауларына кеңес берді.
Бакыт Чермашев