АҚШ-та көзайымға айналған қазақ ертегілері видеоформатта тарайтын болды
Жарты ғасыр бұрын ағылшын тіліне аударылып, АҚШ бүлдіршіндерінің көз-қуанышына айналып кеткен қазақ ертегілері енді көпшілікке видеоформатта тарайтын болды.
"Болашақ" бағдарламасы арқылы білім алып, сондағы Абай орталығында АҚШ мұрағаттарынан қазақ халқына қатысты деректерді зерттеумен айналысып жүрген Дүйсенәлі Әлімақын “Ұлы дала ертегілерінің” ағылшынша нұсқасын жергілікті америкалықтарға оқытып, арнайы бейнежоба әзірледі.
Мұхит асып, АҚШ мұрағаттарынан табылып жатқан мұраларымыздың ішінде арғы тарихы алты ғасырдан асқан қазақ ертегілерінің кейіпкерлері 60 жылға жуық уақыт бұрын ағылшын тілінде сөйлеп, осындағы бүлдіршіндердің олжасына айнала бастаған. Дүйсенәлі Әлімақын зерттеуші Мэри Лоу Мэсий тәржімалаған «Ұлы дала ертегілері» жинағындағы 10 қазақ ертегісін таңдап, америкалық ғалымдар, лингвисттер, оқушыларға оқытып бейне жоба жасап, жас оқырмандармен қайта қауыштыруға бел буған.
Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:
- Бұл жобаның мақсаты – қазақ ертегілерінің ағылшын тіліндегі нұсқасын ғылыми айналымға енгізу, сосын осы арқылы қазақ мәдениетін шетелдіктерге, мысалы америкалықтарға, басқа ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттегі халықтарға насихаттау, үгіттеу. Сонымен бірге қазір біздің көптеген отандастарымыз, қазақ қандастарымыз шетелдерде тұрады, ағылшын тілді мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Солардың балаларына өз елінің мәдениетін білуіне, қазақ халқының жазба әдебиеті, төл мәдениетімен танысуына мүмкіндік туғызу.
Сайын даланың сан ғасырлық тіршілігінен сыр шертетін 19 қазақ ертегісі енген жинақты арнайы жобаға айналдыру барысында қиындықтар болған. Бастапқыда бастаманы жүзеге асыруға қол ұшын созып, ұйытқы болатын азаматтарды іздеп, таба алмаған. Ақыры «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» мен Джордж Вашингтон унивесритетінің Эллиот халықаралық қатынастар мектебіндегі Орталық Азия бағдарламасы қолдау білдіріпті. Жобаға қатысушылар да қазақ ертегілерін жоғары бағалауда.
Ноах, жобаға қатысушы:
- Бұл ертегілер шынайылығымен әсерлі, қызықты. Ертегі болса да адамдардың болмысындағы әділетсіз әрекеттерді анық суреттейді. Жалғандықтың түбінде жарға жығатынын, біреуге ор қазғанның өзі соған түсетінін түсінікті жеткізе білген. Сондықтан бұл ертегілер қай уақытта да өз құндылығын жоймайды деп ойлаймын. Себебі ондағы жағдайлардың барлығы жер шарының арғы шетіндегі елде жазылғанымен, күллі адамзатқа ортақ дүние.
Ертегілерді оқыған америкалықтар қазаққа деген қызығушылықтары оянып, желіден Қазақстан туралы оқып білуге талпынғандар көбейді дейді жоба авторы. Бейнежобаның оқырмандарға беретін нәтижесі болашақ еншісінде. Алдағы уақытта ол түрлі шетелдік платформаларға жүктелетін болады.