Қытайда гуманоидты робот индустриясы қарқынды дамып келеді

Көршіміз бұған дейін құлтемірді жылдап өндірсе, енді бар-жоғы 3 айда жасап шығаруға машықтанған, деп хабарлайды 24KZ.

Болашақта бұл мерзімді де, қысқартуды жоспарлап отыр. Қытай өнертапқыштарының, адам тектес темірлеріне тілшіміз Әсия Нұрлыбаева шолу жасайды.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Бұл – қытайлар жасап шығарған «Тяньгун» гуманоид роботы. Салмағы 43 келі тартатын адам тектес темір құрылғы сағатына 6 шақырымға дейін жүріп, қажет болса жүгіре алады. Секундына 550 триллион операция жасай алатын бірнеше визуалды қабылдау датчиктеріне ие. Тегістелмеген жолдарға бейімделген, баспалдақ, ойыс жерлерден де сүрінбей өтеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл әлемдегі алғашқы электр жетекті робот.

Чжан Шипу, Бейжіңдегі робототехника компаниясының негізін қалаушы:

- Әртүрлі функциясы бар жаңа робот үш айда жасалады. Болашақта бұл процедуралық мерзімді 2 айға қысқартуды жоспарлап отырмыз.

Ал мына робот болашақта ғарышкерлердің орнын басуы бек мүмкін. «Қытайлық Тарс» деп аталатын бұл инновацияны Чжэцзян университетінің ғалымдары ұсынған. «Олар келешекте астронавтардың жұмысын жеңілдетіп, уақыт тиімділігін арттырады», - дейді өнертапқыштар.

Сян, Чжэцзян университеті аэроғарыштық роботты зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

- Ғарыш станциясы роботтарының үш түрін жасап шығардық. Алғашқысы мына гуманоидты робот. Ол кемедегі қарапайым құралдар мен күнделікті жұмыстарды орындауға көмектеседі. Ал екіншісі көлік-робот саяхатшы. Ол ғарышкерлерді бейнекамераға түсіріп, кейбір нысандарды тасымалдауға бейімделген. Соңғысы орбитада қызмет көрсететін темір құрылғы. Алты аяқты бұл робот ғарыш кемесінің бетінде жорғалап, техникалық қызмет көрсете алады.

Қытай құлтемірлерінің дені жасанды интеллектіге негізделген. Сол себепті бұл адамтектес темірлерге сұраныс жоғары. Мәселен, 2022 жылы қытай өнертапқыштары 443 мың өнеркәсіптік робот өндірсе, қызметтік құрылғылардың санын 6,5 млн-ға жеткізген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш шамамен 30% өскен.

Тан Мин, Шэньчжэнь гуманоидты робот компаниясының директоры

- Егер біз жаңашылдық орнатқымыз келсе, әртүрлі бизнес компаниялармен немесе серіктестермен темір құрылғыларды жеткізу үшін ынтымақтаса аламыз.

Өткен жылы көршіміз гуманоид робот жасап шығару саласында бірнеше өндіріс орнымен іскерлік байланыс орнатып, саланы бір адым ілгерілетті. Одан әрі өркендету үшін тағы бір емес, жүздеген компанияның қолдауы қажет екен.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева