Әлемде әр 2 минут сайын бір әйел босану не жүктілік кезінде көз жұмады

Әлемде әр екі минут сайын бір әйел босану немесе жүктілік кезінде өмірден өтеді. Оған себеп миллиондаған әйел әлі де сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осылай дейді.

Болашақ ана үшін жүктілік – ауыр әрі қауіпті кезең. Осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінгі күнді әйел денсаулығына бейжай қарамау мақсатында арнайы дата ретінде бекітті.

Иә, тұрмысы нашар елдерді айпағанда, медицинасы әлдеқайда дамыған елдерде де көрсеткіш жыл санап артып барады. Мәселен, былтыр Еуропада жүктілік кезіндегі өлім көрсеткіші 17%-ке өскен. Бұған әсер ететін фактор өте көп.

Жүктіліктің жүгі ауыр

Жыл сайын босану не жүктілік кезінде әлемде 830-ға жуық әйел көз жұмады. Кейінгі 20 жылда АҚШ секілді алпауытыңыздың өзінде көрсеткіш екі есе артқан. Мұнда әр 100 мың адамға 14 өлімнен келеді. Әсіресе афроамерикалық, яғни қара нәсілді аналар өлімі көбейген. Олардың өлу көрсеткіші ақ нәсілділерге қарағанда үш есе жоғары. Егер нәсілдік алалау болмағанда Дүнежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары: «ана өлімі фактілерінің 60%-інің алдын алуға болар еді», – дейді.

«Экономикалық не әлеуметтік жағдайына қарамастан, афро мен испантекті америкалық әйелдер нәсілшілдік пен алалаудың кесірінен күйзеліске түседі. Бұл оның физикалық денсаулығына әсер етеді. Тіпті орта білімді ақ әйелге қарағанда жоғары білімді қара әйел арасында өлімнің жиі тіркелуін де осымен түсіндіруге болады», – Арлин Джеронимус, Мичиган университетінің адам денсаулығы бойынша профессоры.

Дереккөз: National Geographic

 

Дені сау ана — дені сау ұрпақ

Ананың амандығы, сәбидің саулығы басты назарда болғаны ләзім. Өкінішке қарай, ресми ақпар бойынша әйелдердің үштен бір бөлігі босанғанға дейін өтуге тиіс 8 тексерістің тіпті төртеуінен де өтпейтіні және босанғаннан кейін негізгі көмек түрлерінің өзін алмайды. Ал 270 миллион әйел жүктілікті алдын ала жоспарламақ түгілі, заманауи тәсілдерін қолдануға мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ кейінгі 5 жылда ана мен бала өлімі 2019 жылы көбейген. Оған себеп – коронавирус. Сол жылы жүкті келіншектердің 58,3%-і вирустық инфекция салдарынан көз жұмған.

«Денсаулық сақтау саласындағы әділеттілік әр анаға, кім екеніне және қай жерде екеніне қарамастан, отбасымен бірге босану мен салауатты болашаққа әділ мүмкіндік беруі керек. Жүкті әйелдер үшін вакцинация туралы ойлану және босанғанға дейінгі және босанғаннан кейін тексерістен өтуі маңызды», – Кэтрин Мэри Рассел, ЮНИСЕФ атқарушы директоры.

 

Қақтығыс алаңындағы ана мен бала тағдыры

Қазір әлем назары Таяу Шығыстағы Газа секторында. Халықтың жағдайы күн санап ушығып барады. Ең сорақысы, қазір мұнда айы күні жетіп отырған 28 мың жүкті әйел бар. Ал дәрігерлер болашақ аналар мен сәбилер жайына алаңдаулы. Өйткені перзентханалар түгел қираған. Оның үстіне әйелдердің дені тойып тамақ ішпейді, қақтығыстан әбден қажып, күйзеліске түскен. Уақытынан ерте босану көп. Сәйкесінше шала туған шақалақтар көбейді. Ал олардың жағдайын жасайтын мүмкіндік жоқ, – дейді дәрігерлер.  

Эльке Майрхофер, БҰҰ өкілі:

- Қазір аналар жүктіліктің 37-ші аптасында ерте босанып жатыр. Оның сыртында түсік тастағандар қаншама. Қақтығыстың кесірінен біраз сәбидің өмірін сақтай алмадық.

Қазақ дүниеге сәбидің келуін қуанышқа балайды. «Дені сау анадан дені сау ұрпақ өмірге келеді» деп айтамыз. Жалпы бүгінгі күннің мақсаты да осы – кез келген ұлттың болашағы үшін әйел денсаулығының маңызы зор екенін еске салу. 

Иә жатыр мойны обырының алдын алуға болады, дегенмен бүкіл әлемде жатыр мойны обыры жыл сайын шамамен 600 000 әйелге диагноз қойылады және жыл сайын шамамен 340 000 әйел аурудан қайтыс болады. Жатыр мойны обыры – вакцина егу арқылы алдын алуға болатын ісіктің жалғыз түрі. Себебі ауруды қандай инфекция қоздыратыны анықталған. Ол – адамның папиллома вирусы.