АҚШ-та балалар мен жасөспірімдер арасында семіздік белең алып барады
АҚШ-та семіздік белең алып барады, деп хабарлайды 24kz.
Оған шалдығушылардың дені 2 мен 19 жас аралығындағы балалар мен бозбалалар. Олардың үлесі 20%-ке тең. Артық салмақтан арылу үшін жеткіншектер аздыратын препарат қолдана бастаған. Бірақ мамандар бұл дәрі семіздікті жойғанымен, денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді деп дабыл қағып отыр.
Артық салмақ қосып, семіздіктен зардап шегушілердің бірі – америкалық Исраэль Маккензи. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол дене бітімінің өзгеріп, артық салмақ жинай бастағанын байқаған. 150 келіге дейін салмақ қосып, жүріп-тұруы қиындаған. Тіпті достарымен араласып, мектепке баруды да доғарған. Амалы құрыған ол дәрігердің көмегіне жүгініпті.
Исраэль Маккензи:
- Семіздіктің құрығына іліккенде мен 17 жаста едім. Артық салмақтан арылудың жолын іздеп, үйден түрлі ем-дом қолдана бастадым. Еш нәтиже болмаған соң емдеуші дәрігерім Джек дейтін білікті маманға жіберді. Дәрігер маған аздыратын препарат тағайындады. Өйткені семіздіктен менің денсаулығым сыр бере бастаған еді. Бірнеше аптаның ішінде 50 келі салмақ тастап, бұрынғы қалпыма келе бастадым.
Аздыратын дәріге тәуелділік дәл осылай басталған. Өйткені Американың дәріханаларында бұл препарат ашық түрде сатылуда. Мамандардың сөзінше, 12 мен 25 жастағы жеткіншектер арасында дәріге сұраныс артып отыр.
Джойс Ли, Мичиган университетінің педиатр дәрігері:
- Біз 2020-2023 жылдар аралығында АҚШ-та балалар мен жасөспірімдерге сатылған препараттардың саны 594%-ке өскенін анықтадық. Олардың кері әсері бар-жоғын білу үшін дәріні тұтынған балаларды бір жыл бойы бақылауда ұстадық. Меніңше, оның қаншалықты қауіпті екенін анықтауға бір жыл жеткіліксіз. Ұзақ мерзімді бақылаудан кейін ғана нақты айта аламыз.
Дәрігерлер әзірге препараттың қаупі байқалмағанымен, оның жанама әсері барын жасырмай айтуда. Жүрек айну, іш қату сияқты белгілерден кейін көп тұтынушы дәріні ішуді тоқтатады дейді. Ал Исраэльдің жағдайында дәрі кері әсер бермеген.
Исраэль Маккензи:
- Егер мен аздыратын бұл препаратты ішіп бастамағанымда, салмағым күннен күнге өсіп, бас ауруымнан әлі күнге арыла алмас едім. Өйткені бұған дейін семіздіктің кесірінен менде диабеттің алғашқы белгілері пайда бола бастады, физикалық қозғалысыма қауіп төнді. Ал қазір мұның бәрінен арылғандаймын. Денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ.
Семіздік қант диабеті, созылмалы жүрек аурулары, қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін. Ал одан арылудың жолын препараттан іздеудің қажеті жоқ. Аздыратын дәрі аз уақытта салмақтан арылтқанымен, бірнеше жылдан кейін денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. «Салмақ тастаудың бір ғана жолы - дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану», - дейді сарапшылар.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева