Түркия зейнеткерлері билікке талап қойды

Түркияда қымбатшылықтан әбден мезі болған зейнеткерлер ел астанасына жиналып, билікке талаптарын қойды.

Шеруге шыққан қариялар зейнетақымыз инфляцияға төтеп бере алатындай деңгейде болсын деп отыр.

Анкарада он мыңдаған зейнеткер наразылық шеруіне шықты. Олар Түркиядағы жоғарғы инфляцияға наразы және ұлттық валютаның құнсыздануынан төмендеп кеткен зейнетақыларына көңілдері толмайды. Сондықтан зейнетақыны көтеру мәселесін талап етіп отыр. Шеруді оппозициялық Республикалық халық партиясы ұйымдастырды. 

Өзгүр Өзел, республикалық халық партиясының жетекшісі:

- Түркия қалыпты жағдайға мұқтаж, бірақ зейнеткер экономикасы қалыпқа келмейінше, Түркия қалыпқа келе алмайды. Еуропадағы зейнеткерлер секілді жайлы жағдай болмайынша және пәтер ақы төлеу, немере бағу былай тұрсын, өзін- өзі асырай алмай жүрген зейнеткерлердің жағдайы оңалмайынша ешкім де жайбарақат отыра алмайды. Оған жол бермейміз. 

Түркияда биыл зейнеткерлер жылы. Қаңтар айында ең төменгі зейнетақы 10 мың лираға дейін шамамен 42% өсті. Десе де, қымбатшылық қыспаққа алған елде дәл қазір бұл ақшаға өмір сүру қиын.

Оя Яғмұр, зейнеткер:

- Зейнетақымыз қазіргі жағдайда жеткіліксіз. Үйіміз өзіміздікі болғандықтан жеңілдеу. Әйтпесе пәтерді жалға алу ақшасымен күнкөрісіміз қиындап кететін еді. Қазір артық еш жерге шықпай, үнемдеп жеткізіп жүрміз. 

Өмер Шекер, зейнеткер:

- 13500 лира шамасында зейнетақы аламын. Соңғы жылдары ғана құнсызданды. Жалпы зейнеткерлерге жасалған жағдай жаман емес. Аймақтардағы ахуал мен пандемияға байланысты әлемде экономикалық жағдай тұралады. Мұны да қысқа уақытта еңсеретінімізге сенімдімін. 

Ел президенті Режеп Тайип Ердоған қарияларға бірқатар жеңілдіктер жасады. Курорттық жерлердегі мемлекеттік қонақүйлер мен жатақханаларда жеңілдіктер енгізді. Шілде айынан бастап тағы да зейнетақыны көтермек.

Ведат Ышыкхан, Түркияның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жаз айларында қолжетімді жатақханалар бір ай мерзімге зейнеткерлерімізге тегін беріледі. Сонымен қатар,  Жастар және спорт министрлігі зейнеткерлерді өз нысандарында тегін қабылдау туралы шешім қабылдады. Біздің зейнеткерлер мемлекеттік қызметшілер сияқты барлық провинциялардағы қоғамдық қонақ үйлерді, мұғалімдер үйлерін, әлеуметтік нысандарды және мейманханаларды 15% жеңілдікпен пайдалана алады. Біздің кәсіподақтардың қонақ үйлері мен әлеуметтік нысандарында зейнеткерлерімізге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек теміржол тасымалында 10% жеңілдік бар. 

Түркияда зейнеткерлердің саны 16 миллион. Елдегі 61 миллионнан астам дауыс берушінің 26% осы топтағылар. Сондықтан саяси партиялар үшін зейнеткер-сайлаушының жағдайын жасау маңызды.