Нейрожүйе жер сілкінісіне болжау жасайды

Жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан геологияның тағы бір саласы - сейсмология.

Жапондық ғалымдар жер сілкінісін болжау әдістерін жетілдіру үшін нейрожүйе ойлап тапқан. Олар кейінгі 900 жылда болған 18 мың зілзала туралы ақпараты бар каталог құрған. Соның негізінде мамандар жасанды интеллект шамамен бір сағат қалғанда табиғат апатының жақындап қалғанын алдын ала ескертетінін айтады. Бірақ жер сілкінісінің арасындағы уақыт аралықтары ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Оның ондаған жылға ұласуы да ғажап емес. Ғалымдар бұл нейрожүйенің көмегімен болжау жасауда қиындықтар тудыратынын айтады. Ал америкалық және британдық ғалымдар тобы,,,жасанды интеллекттің көмегімен цунами туралы ескерту жүйесін жасап шығарған. Ол шынайы уақыт тәртібінде акустикалық технологиялар мен гирофондардың негізінде жер сілкінісі туралы деректерді жинап, қауіп-қатерді тез бағалайды. Мамандар қазіргі жүйелер кеш ескертетінін айтады. Салдарынан адамдар дер кезінде эвакуацияланып үлгермей жатады. Сондықтан ғалымдар жасанды интеллектке көп үміт артып отыр.

Шахтадағы жұмыспен роботтар айналысады

- Шахта - ең қауіпті жердің бірі. Сондықтан мұнда жұмысшыларды роботтармен алмастыру мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Мысалы Германиядағы Фрайберг тау-кен академиясында "Майнинг Ро Икс" деген жоба іске қосылған. Онда роботтар кеніштердің жағдайын бақылап, карталарын сызуға көмектеседі. Аппарттар күміс шахтасында ауыр жабдықты тасып, өлшеу құралдарының көмегімен деректерді жинайды. Сонымен қоса бейнекамералар арқылы 3Д карта құрады. Жобаны іске асыруда біраз қиындықтар туындаған. Мысалы, жер астында Джи-Пи-Эс жүйелерін қолдануға болмайды. Роботтар жүре алмайтын орындар да аз емес. Десе де бастама тау-кен жұмыстарын жобалау мен жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, автоматтық тәртіпте шахталардың нақты 3Д моделін құруға мүмкіндік берді.

Технология жұмыс өнімділігін арттырды

Роботтар карьерлер мен шахталардағы мониторингтен бөлек ондағы шикізатты тасымалдауға да көмектеседі. Қазір тиісті жұмыстар Жапония мен Чилиде кеңінен жүргізілуде. Өйткені жару не желдету кезінде қызметкерлердің жақын маңда жүруіне тыйым салынады. Мұндай жағдайда өздігінен басқарылатын жүк көліктері кен орындарынан алынған материалдарды зауытқа жеткізу жұмыстарын жалғастыра береді. Соның нәтижесінде шикізат тасымалындағы жұмыс өнімділігі 15-20 пайызға артқан. Ал жанармай шығыны керісінше 10-15 пайызға азайған.