Әлемде 160 млн бала құлдықта жүр
Балаларды қорғау күні бекітілген кезде Біріккен Ұлттар Ұйымы кез келген бала нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан жақсы өмір сүруге, зорлық-зомбылықсыз, бейбіт күнде өмір сүруге құқығы бар деген қарар қабылдады.
Соған қарамастан қазір әлемде 160 миллион бала құлдықта жүр. 2017 жылы көрсеткіш 152 миллион болса, қазір оның едәуір өскенін байқаймыз. Оның ішінде 84 миллион бала тұрмысы нашар елдерде, 11 миллионы Америкада, 6 миллионы Еуропа мен Орталық Азияда, араб елдерінде қара жұмысқа жегілген. Статистика көңіл көншітпейді. Жалпы бұл сандардың кемитін түрі бар ма? Әлем елдерінде бала құқығы қаншалықты қорғалған?
Иә, әлем елдерінде бала құқығын қорғауға қатысты қалыптасқан заң, арнайы тәртіп бар. Дегенмен деректер бала құқығының әбден тапталғанына дәлел. Заң мен құқықтан аттаған бірқатар елде қылмыстық әрекет тыйылмай тұр. Бұл елдерде бала құқығы қаншалықты қорғалмаған?
Балаға «бала» деп қарамайтын ел
7-8 жасар бала қолына қалам алып, мектеп партасында отырушы еді. Ауған елінің балалары жалаңаяқ кесек тасып жүр. Жалпы Ауғанстанда ұл балалардың 55%-і, қыз балалардың 67%-і мектепке бармайды. Оған себеп – тұрмыс тауқыметі. Жағдайы жетпеген отбасылар жастайынан балаларын жұмысқа жегіп, ықпалды адамдардың қол астына жібереді. Ақысын жемей, еңбегінің ақысын беретіндері бар. Кесек таситындары күніге 2 доллардай табады. Бұл біздің теңгеге шаққанда небәрі 800 теңгедей. Мұның сыртында сағат саны, балалардың физикалық қауқары мүлдем еленбейді.
«Билікке тәліптер келгеннен соң, қоғамдағы жағдай ушығып кетті. Оның сыртында сан ғасырлық қақтығыс бар. Ауған қоғамы жақсаруы үшін тарихы қайта жазылуы керек. Алайда ол – мүмкін емес нәрсе», – Аршад Малик, Ауғанстандағы балаларды қорғау ұйымының директоры.
Ауған қызы — әрі ұл, әрі құл
Бача-пош дегенді бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл – Ауғанстандағы қыз балаға қатысты ең сорақы дәстүр. Яғни, қызды ұлға айналдыру. Қоғамда дүниеге қыз бала келсе, бұл абыройсыздықпен тең деген түсінік бар. Сондықтан нәзік жандыларды ұлша киіндіріп, шашын алып, ауыр жұмыстарға жегеді. Олай жасамаса, қыздар не көшеге шықпайды, не бала болып ойнамайды. Ал ол қыз өскенше ата-анасы тұрмысқа беруге асығады. Халықаралық қауымдастық бұл үрдісті тоқтатуға тырысқанымен, әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Аккумулятор шикізатын неге балалар қазады?
Балалар еңбегі көбінесе электромобиль өндірісінде, атап айтқанда, аккумуляторлар үшін шикізат өндіруде қолданылады. Бұл туралы Нью-Йорк университеті мен Женева бизнес және адам құқықтары орталығының зерттеушілері мәлімдеді. Литий-ионды батареяларда негізінен Конгодан жеткізілетін кобальт бар. Африка құрлығының елі осы шикізаттың әлемдік қорының 80% құрайды. Оның 20%-і заңсыз шахталарда өндіріледі. Осы жұмысқа жегілген бала көп. Өйткені оларға тар туннельдерге көтерілу әлдеқайда оңай.
«Адамдар қазба орындарына отбасыларымен келеді, бекітілмеген шұңқырларды қазады, содан кейін балаларын құдықтарға жібереді. Көптеген компаниялар балалар еңбегін пайдаланатын ұйымдардан кобальт сатып алмаймыз деп мәлімдегенімен, әлемдегі кобальттың 10% - ы қолөнер шахталарын жеткізеді және бұл өте көп шикізат», – Майкл Познер, Нью-Йорк университетінің Бизнес және адам құқықтары орталығының директоры.
Иіссу өндірісінің беймәлім тұсы
Ақжұпар, яғни жасмин гүлі – парфюмерия өндірісіндегі негізгі қоспа. Бұл өсімдік Мысырдан келеді, онда оның әлемдік қорының жартысы өндіріледі. BBC-дің қылмыстық әрекеттерді ашу бөлімі гүл теру үшін кәмелет жасқа толмаған балалардың жұмысқа жегілгенін анықтады. Балалардың ең кішісінің жасы 5-те.
«Мысырда заң бойынша 15 жасқа дейінгі балаларға 7-ден 7-ге дейін жұмыс істеуге тыйым салынған. Өкінішке қарай, бұл тек қағаз жүзінде қалып тұр», – Томая Обоката, заманауи құлдық мәселері бойынша БҰҰ өкілі.
Бақытты vs бақытсыз балалық шақ
Баланың «балалығы ұрланған» әлемдегі ең бақытсыз елдер рейтінгінің алғашқы бестігінде Ауғанстан, Ливан, Лесото, Сьерра-Леоне және Конго бар.
Ал Финляндия, Дания, Исландия, Швеция мен Нидерланд бала үшін, білім алуы, денсаулығы, тұлға болып қалыптасуы үшін ең қауіпсіз елдер тізімінде көш бастап тұр.