Алқабилер Д. Трампты кінәлі деп таныды
Нью-Йорк сотындағы алқабилер Дональд Трампты барлық 34 айып бойынша кінәлі деп таныды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті 2016 жылғы сайлау алдында Сторми Дэниелске төлеген ақшаны жасыру үшін қолдан құжат жасаған. Бірақ Трамп 34 тармақтың ешбірін мойындамайтынын мәлімдеді. Сарапшылар Манхэттендегі сот ісін тарихи оқиға деп бағалады. Өйткені Трамп қылмысқа кінәлі деп танылған алғашқы экс-президент атанды. Сот үкімді 11 шілдеде жарияланады. Ал одан 4 күн бұрын Республика партиясы жалпы жиынын өткізіп, Трампты президенттікке ресми үміткер деп жариялауды жоспарлап отыр.
Элвин Брэгг, Манхэттеннің округтік прокуроры:
- Ең алдымен мен алқабилерге жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Олар азаматтық парызын лайықты түрде атқара алды. 22 куәгердің жауабы тыңдалды. Бұл айыпталушы Америка тарихында ешкімге ұқсамаса да, біз бұл іске кез келген басқа іске қарағандай қарадық. Ешқандай үрейге және кеңшілікке жол берілген жоқ. Бәрі дәлелге және заңға негізделді.
Дональд Трамп, АҚШ-тың экс-президенті:
- Бұл – масқаралық. Бұл істі жемқорлық былығына батқан сот бұрмаланып өткізді. Олар өткізетін жерді өзгертуге рұқсат берген жоқ. Нағыз үкімді халық президент сайлауы өтетін 5 қарашада шығарады. Мен – кінәсіз адаммын. Ешқандай жамандық жасамадым. Мен конституция үшін күресіп жатырмын. Байден әкімшілігі саяси қарсыласын сүріндіру үшін барын салып жатыр. Біз елімізді тозаққа батырмау үшін аяғына дейін күресеміз.