Мароккода озық инновациялар көрмесі өтіп жатыр

Мароккода Gitex озық инновациялар көрмесі өтіп жатыр. Онда қара құрлықтың климаттық жағдайына лайықтап жасалған тың технологиялар ұсынылған, деп хабарлайды 24KZ.

Ауыл шаруашылығында аса қажетті су шашқыш дроннан бастап, доппен ойнайтын роботты көруге болады.

Бұл – марокколық компания ұсынған бүріккіш дрон. Технология агроалқаптарға себілетін тіршілік нәрі мен химиялық қоспаларды мөлшерімен дұрыс қолдануды қамтамасыз етеді. Әсіресе қуаңшылық жайлаған Африка аймағында пайдалануға таптырмас тиімді құрал, – дейді жоба авторлары.

Джихане Медрани, Марокко компаниясының өкілі:

- Құрғақшылық сияқты климаттық мәселелерге тап болған жағдайда біздің бүріккіш дрон су мен химиялық заттарды дәл басқарудың тиімді және оңтайлы әдісін ұсынады. Көрмеде осы аппаратымызды көріп, қызығушылық танытып жатқан жұрттың қарасы көп.

Ал мына МАРСЕС роботын мысырлық өнертапқыштар жасап шығарған. Құлтемір қарсы тұрған адаммен доп қуалап, гандбол ойнай алады.

Алаэддин Хасан, Мысыр компаниясының өкілі:

- Биыл біз мұнда адамдармен гандбол ойнайтын робот түріндегі интерактивті инновацияны ұсынып отырмыз. Мақсатымыз – адам мен технология арасындағы кедергіні жою. Бұл сала олардың өміріне көп оң өзгеріс әкеле алатынын көрсеткіміз келді.

Көрме африкалық өнертапқыштар үшін өздерін түрлі қырынан танытуға мүмкіндік берді. Бұған дейін қара құрлық көбіне инновациялардың тек тұтынушысы болып келсе, бұл жолы аймақтың экологиясын жақсартуға қажетті технологияларды жасап, ұсынып отыр.

Массута Фахоль, өнертапқыш:

- Африка нарығы күннен күнге дамып келеді. Бұған жастарымыздың озық технология, робототехника саласына бет бұрғаны айқын дәлел. Мысалы, біздің компания аймақ халқының пайдасына жарайтын тың бастамаларды дамытумен айналысады.  

Жалпы техножобалар жәрмеңкесіне әлемнің 130 елі қатысып, тұрмысқа қажетті технологияның 1500-ден астам түрі ұсыныған. Ауқымды көрме бүгін мәресіне жетеді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.