Әлемде жалғызбасты ата-аналар саны екі есе өсті
Кейінгі кездері көп елде жалғызбасты ата-аналар саны артып барады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл, әсіресе, АҚШ үшін өзекті мәселе. Көрші Ресейде де ахуал мәз емес. 2001 мұндай отбасылар саны 22% болса, араға 20 жыл салып, көрсеткіш 42%-ке жуықтады. Ал Ауғанстан, Мали секілді елдерде балалардың тек 1%-і ғана жалғызбасты ата-ананың тәрбиесінде.
Бір қызығы, даму көрсеткіші бойынша кенже қалған елдерде толық емес отбасылар аз екен. Бұған не себеп?
Жұлдыз Атагельдиевадан
- Бұл ең алдымен халықтың салт-дәстүрі мен қоғамда қалыптасқан көзқараспен байланысты деп айтуға болады. Мысалы Жапонияда баланы толық емес отбасында тәрбиелеу ұят саналады.
АҚШ-та жалғызбасты ата-ана саны бойынша бірінші орында
АҚШ-та 1960 жылдардан бері толық емес отбасылар саны артып келеді. Мұнда әрбір төртінші бала жалғызбасты ата-ананың тәрбиесінде. Сарапшылар кейінгі кезде жергілікті қоғамда некеге тұру және ажырасуға қатысты түсінік өзгергенін айтады. Бұрындары толық емес отбасында бала тәрбиелеу ұят саналса, қазір ондай көзқарас өзгерген. Өйткені халықтың тұрмысы жақсарған. Білім алып, жұмыс істейтін әйелдердің үлесі артқан. Бұған гендерлік теңдік мәселесін қосыңыз. Сондықтан олар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өздерін тәуелсіз санап, баланы отағасының көмегінсіз-ақ тәрбиелейтін болған. Осылайша, қазір әлемде жалғызбасты аналар мен әкелердің тәрбиесіндегі бала саны бойынша АҚШ бірінші орында тұр.
Антирейтингтің алғашқы бестігіне Ұлыбритания, Орталық Африкадағы Сан-Томе және Принсипи аралдық мемлекеті, Ресей мен Дания кіріп отыр. Ал толық емес отбасында өсіп жатқан бала саны ең аз елдердің қатарында Мали, Ауғанстан, Түркия, Вьетнам мен Жапония бар. Жапония демекші, мұнда әлем бойынша ажырасу саны ең төмен деңгейде. 1000 некеге 6 ажырасудан келеді. Өйткені отбасы институтының маңызы зор.
Жалғызбасты ата-ананың тәрбиесіндегі балалардың үлесі
АҚШ – 23%
Ұлыбритания – 21%
Сан-Томе ЖӘНЕ Принсипи – 19%
Ресей – 18%
Дания – 17%
Ұлыбританияда жастар балалы болуға асықпайды
Ұлыбритания үшін де жалғызбасты ата-аналардың көптігі өзекті мәселенің бірі. Корольдікте қазір жастар балалы болуға асықпайды. Мәселе ақшаға кеп тіреледі. Сауалнамаға қатысқандардың 59%-і қаржылай қиындықтар кесірінен отбасын құрып, баланы жоспарлауды кейінге қалдыратынын айтқан. Оның үстіне елде жалғыздық әлеуметтік түйткілге айналған. Оған тек қарт кісілер ғана емес, жас аналар да жиі шағымданатын болған. Осы себепті елде тіпті Жалғыздық мәселелері жөніндегі министрлік құрылған.
Ресейде жалғызбасты ата-ана саны екі есе артты
Ресейде де жалғызбасты ата-аналар көп. Кейінгі 20 жылда олардың саны екі есе артқан. Соңғы жүргізілген халық санағы бойынша шамамен 5 миллион әйел мен 1 миллиондай ер адам балаларын жалғыз өздері тәрбиелеп отыр. Сарапшылар оның бір себебі ақшамен байланысты болуы мүмкін дейді. Өйткені босанған келіншектер құжатта баланың әкесін көрсетпей, жәрдемақы алып қалуға тырысатын көрінеді. Сарапшылар, сондай-ақ, азаматтар мемлекеттен берілетін жеңілдіктерге де көп үміт артатынын айтады. Жақында көрші елде балалары әлі 16-ға толмаған жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салатын заң күшіне енді.