АҚШ-тағы қазақ балалары тұрғындарға төл мәдениетімізді таныстырды
АҚШ-та тұратын қазақ отбасыларының балалары жергілікті тұрғындарға ұлттық мәдениетімізді таныстырды, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шара Халықаралық балалар күні қарсаңында ұйымдастырылды. Балалар мерекесінде көрме өтіп, оған шетел өкілдері де қатысты.
Халықаралық мәдениет көрмесіне түрлі елдердің өкілдері қатысты. Шарт бойынша әр ел өзінің бай мұрасын қойылым түрінде таныстырды. Алдымен балалар стенд жасап, туын және ұлттық бұйымдар мен тағамдарын көрсетті. Сосын бүлдіршіндер шағын төлқұжаттарын алып, әр үстелге барды. Сол мемлекет туралы ақпаратқа қанығып, астан дәм татты. Мұнда Қазақстан бұрышы да қойылды. Алыстан ерекше көзге түсіп, келушілер назарын бірден баурайды.
Мерием Малик, ата-ана:
- Әлемнің көптеген елдерін біріктіріп жатқан бұл шара маған қатты ұнады. Бұл балаларымызға түрлі мәдениеттермен танысып, олардың ерекшеліктерін көруге керемет мүмкіндік. Қазақстанның бұрышы өте жақсы безендірілген, өте тартымды. Киімдері сондай әдемі, қазақтың бай мұрасын көрсетеді. Ұлттық тағамдары да сондай дәмді, маған ұнады.
Лизи Пи, ата-ана:
- Мектепте әртүрлі елден келген балалар бірге оқиды. Бүгін мерекеде барлығы бас қосып керемет атап өтіп жатыр. Іс-шарада біз әдемі ұлттық киімдерді көрдім. Қазақтың ою-өрнектері мен әшекейлері ұнады. Бауырсақ, құрт және басқа тағамдарынан дәм таттым. Өте дәмді екен.
Көрмеге бауырсақ, тары, жент, май, құрт пен тәттілермен бірге кәдесыйлар мен түрлі бұйымдар қойылды. Америкалықтар қазақ елі, Астана, Алматы қалалары туралы мол мәліметке қанығып, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Сара Cәдібек, оқушы:
- Бүгін біз мәдениетімізді таныстырдық. Көп адамдарға біздің салт-дәстүріміз, бауырсақтарымыз, самсаларымыз ұнады. Менің көйлегім әдемі болғандықтан көп адамдар менімен фотоға түсті.
Көрмеге келушілерге қазақстандық бүлдіршіндер әнұрамызды айтып, ұлттық мәдениетіміз жайлы таныстырды. Ата-аналар да қалыспай, бірі домбыра шертіп, басқалары балаларымен бірге елімізді түрлі ұлттарға барынша таныстыруға тырысты.
Авторы: Айжан Сыдықова