Озат оқушы синдромы: бағаның бала болашағына әсері қандай?
Қазір – мектеп бітірген жас түлектер үшін ең жауапты кезең.
Балалық шақты артқа тастап, өтпелі кезеңнен үлкен өмірге қадам басатын шағы. Өкінішке қарай, жеткіншектердің көбі сынақ кезіндегі сәтсіздіктерге дайын болмайды. Сағы сынып, күйзеліске түсетіндері көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 12 мен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің 60%-і күйзелістің кесірінен түрлі дерттерге шалдығады. Әлемдік медицина мамандары: «кез келген психикалық денсаулық бұзылыстарының жартысы 14 жастан басталады», – дейді. Қарап отырсақ, 14 жастағы бала – мектеп қабырғасындағы оқушы. Мектепте қойылған баға бала болашағына қалай әсер етеді? Озат оқушы синдромына шалдыққандар кімдер?
Озат оқушы синдромы
Қай ата-ана баласының жаман болғанын қаласын?! Оқуда озат, қатарының алды болсын деп баласына тым көп талап артатыны жасырын емес. Дегенмен бұл баланың психологиялық әл-ауқатына қатты әсер етеді. Психологияда мұны «Озат оқушы синдромы» деп атайды. Америкалық әлеуметтік мәселелерді зерттейтін Пью орталығының дерегіне сүйенсек, 13-17 жастағы жеткіншектердің 67% үздік баға алмағаны үшін ата-анасының тарапынан қысым көреді. Психологтар бұл синдромды адамның үнемі жоғары нәтижелерге ұмтылуынан туындайтынын айтады. Мектеп, үй жұмысы немесе мансап болсын. Мұның бәрі бастауыш сыныптан басталады.
«Бала ата-анасын жоғары бағамен қуанту үшін барын салады. Ақылды әрі үздік болу жақсы, бірақ мұндай шектен тыс ұмтылыс адамның өзін-өзі жоғалтуына әкеледі. Үздік оқушыдан мінсіз студентке, одан ересек оқушы кейпіне енеді. Бар қиындық осыдан туындайды. Ата-аналар бала арқылы өздері жете алмаған нәрсеге қол жеткізгісі келеді», – Джонатан Хайдт, әлеуметтік психолог, жазушы.
Жасөспірімдер денсаулығын ойламайды
Кейінгі 4 жылда АҚШ-та жасөспірімдер арасында қант диабетіне қарсы әсері бар дәрі-дәрмекке сұраныс 600% күрт өскен. Әсіресе 12 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында. Бұл нені білдіреді? Дәрігерлер мұны жасөспірім шақтағы күйзеліспен байланыстырады. Бұл кезде күйзеліске жауапты картизол гормоны жоғарылайды. Сәйкесінше ол инсулинді көтереді. Инсулин жоғарылаған сайын адам тамақ ішкісі келе береді. Ақыры бұл семіздікке әкеледі. Қант диабеті осы семіздіктен болады. Қазірде АҚШ-та екінші типтегі семіздік пен қант диабеті бар 15 миллионға жуық жеткіншек бар.
«1990 жылдан бері семіздікке шалдыққандар саны 5 пен 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында 4 есе өсті. Жер шарының әрбір сегізінші тұрғынын артық салмақтан қалай арыламын деген сұрақ мазалайды. Әрі адамдардың өз-өзіне көңіл толмаушылығы, өзін өзгелермен салыстыруы қатты күйзеліске түсіреді», – Тедрос Гебрейесус, ДДСҰ директоры.
ЮНИСЕФ-те, жеткіншектер болашағына алаңдаулы. Ұйым жүргізген зерттеулерге сүйенсек, статистика бойынша жасөпірімдердің 20% - спортпен шұғылданбайды 25% - өз-өзіне көңілі толмайды 48% - жеміс-жидек, көкөніс жемейді. Оның орнына энергетикалық сусындар ішеді және тәттіге құмар. Артық салмақ қосып, семіздікке ұшырайтыны осыдан.
Өмірге келгеніне өкінетін жастар бар
Күйзелістің суицид мәселесіне де қатысы бар. Жасөспірімдер арасында өмірге келгеніне өкінетіндері көп. Әрі бұл көрсеткіш жыл санап артып барады. Суицид деңгейі бойынша Оңтүстік Корея, Беларусь, Ресей, Венгрия, Жапония, Украина мен Латвияда жағдай күрделі.
Оңтүстік Кореяда күніне 36 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Сеулдегі Хань өзенінің үстіндегі көпір «суицид көпірі» аталып кеткен. Бұған қатысты билік шара қабылдап, 2016 жылы көпір қоршауға алынған. Көпірде арнайы телефондар тұрады. Сол арқылы құтқару орталығының операторлары өзін өлтіруге бекінген адаммен сөйлесіп, уақытты барынша созады. Осы уақыт ішінде құтқарушылар көмекке келіп үлгеруі тиіс. Осы шаралардың арқасында, көрсеткіш 26% қысқарған. Бұл ретте психологтардың кеңесіне құлақ түрген абзал, дейді сарапшылар. Бүгін құларсыз, ертең сүрінерсіз, ештеңе етпейді. Бұл – үлкен тәжірибе. Яғни, жасөсіпірдерді осы өтпелі кезеңде жақындары барынша қолдауы маңызды.