Өзге елдерде оқушылар жазғы демалысын қалай өткізеді?

Әлемнің кей елдерінде оқушылар жаз айларында демалысқа шықпайды.

Бұл әр мемлекеттің географиялық орналасуы мен климаттық жағдайымен байланысты. Мысалы, Бразилияда оқушылар жылдың ең ыстық айлары – желтоқсан мен қаңтарда ғана ұзақ демалады. Ал Еуропа мен Америкада балалар жазда қарым-қабілетіне байланысты салалық тынығу лагерьлеріне жіберіледі. Өзге елдерде оқушылар жазғы демалысын қалай өткізеді?

Германияның кей аймақтарында балалар жазғы демалысқа бір мезетте шыға алмайды. Мысалы, Берлинде оқушылар демалысқа маусым айының ортасында аттанып, тамыздың басында сабаққа қайта кіріседі. Ал Баварияда балалар жаз айларында мектептегі оқуын жалғастыра береді. Өйткені жергілікті билік: «елдегі барлық оқушылар бір уақытта демалысқа шықса, жол қозғалысы қиындап, кептеліс туындау қаупі артады», – дейді. 

Швейцариядағы жүйе де осыған ұқсас. Елдегі 26 аймақтың әрқайсысының білім беру бағдарламаларында түрлі демалыс мезгілі қарастырылған. Мемлекеттік және жеке мектептердің арасында да айырмашылық көп. Тынығу маусымы да әрқалай болып келеді. Бірақ балалардың лагерьдегі уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Тіпті өзге елдерден келетін турист оқушылар үшін де мұндағы лагерьлерге есік ашық.

Ал Еуропа және америкалық оқушылар үшін жазғы лагерьде тынығу ақылы. Олар баланың танымын арттырып, қарым-қабілетін шыңдау негізделіп құрылған. Сондай-ақ бұл елдерде жоғары оқу орындары ұсынатын академиялық лагерьлер де бар. Мұндай орындарда жеткіншектер тіл үйрену курстарынан өтіп, белгілі бір мамандық бойынша білім беру бағдарламаларын меңгеріп шыға алады. 

Сьюзи Луперт, АҚШ-тағы лагерьлер қауымдастығының атқарушы директоры:

- Лагерь – бұл балалардың қауіпсіз ортасы. Мұнда оқушылар түрлі іс-шаралар мен сайыстар ұйымдастырып, уақытын қызықты өткізеді. Олардың тағы бір артықшылығы, балалар гаджеттерді пайдаланбайды. Әр жерден келген өзі қатарлас құрбы-құрдастарымен жақын араласып танысады. Ата-анасынан алшақта әр мезетті бағалай білуді үйренеді. 

Нидерландта да әдетте жазғы демалыс 1,5 айға созылады. Бұл ел оңтүстік, солтүстік және орталық аймаққа бөлінетіндіктен, бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін демалыс уақыты әртүрлі болады. Бірақ жазғы лагерьлер өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Олар көбіне тіл үйрену, спортпен айналысу, техниканы меңгеру сынды түрлі салаларға бағытталған. Бала қызығушылығына қарай қалаған лагерінде тыныға алады.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.