Әлем елдері ескі көлік импортына тыйым салып жатыр

Ескі көліктер ауаны көп ластайды. Сондықтан әлем елдері олардың импортына тыйым салып, ірі қалаларда қозғалысын шектеп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Тиісті шаралар Лондон, Мадрид және Барселона қаласында енгізілген. Мысалы, Испанияда ережеге бағынбағандар 900 еуро айыппұл төлейді.

Диктор:

- Мұндай шектеулер көбіне Еуропа елдерінде енгізілген бе?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Жоқ әлемде осындай экологиялық шараларды қолға алып жатқан елдер көп. Мысалы, Грузияда ескі көліктерді әкелуге тыйым бар. Ал Еуропалық одақ болса, 2030 жылға таман көліктен бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін 55%-ке дейін азайтуды көздеп отыр. Ол туралы бірер секундтан кейін айтамын.

 

Грузияда ескі көліктерді импорттауға тыйым салынған 

Грузияда биылдан бастап «Еуро-5» стандартына сай келмейтін жеңіл көліктердің импортына тыйым салынды. Яғни 2013 жылға дейін жасап шығарылған автокөліктер кіргізілмейді. Бірақ елдегі темір тұлпарлардың көбі ескірген. 82%-інің пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Десе де, ескі көлікті транзит мақсатымен кіргізуге болады. Енді жергілікті билік 2013 жылға дейін шығарылған автобустар мен жүк көліктерді алып келуге шектеу енгізбек. Шара қоршаған ортаны қорғау үшін қолға алынғалы отыр. Өйткені Грузияның ірі қалаларында ауаның сапасы нашарлап, шағым көбейген. Тбилисиде ауада зиянды қалдықтар кей кездері рұқсат етілген межеден 10 есеге дейін асып кетеді. Мамандар бәріне көліктен бөлінетін зиянды қалдықтар себеп дейді.

Лука Копалейшвили, автокөлік импортымен айналысатын компанияның өкілі:

- Бұл бастама экология мен қауіпсіздікті жақсартуға, көліктерді жаңартуға бағытталған. Сондықтан біздің компания оны құптайды. Заңның кәсібімізге еш кері әсері жоқ. Өйткені компаниямыз пайдалану мерзімі 10 жылдан аспайтын көліктерді сатумен айналысады.

 

Лондонда ескі көлік жүргізушілері «ауа салығын» төлейді

«Грузиядағы шараның тиімділігі жайлы айту әлі ерте», дейді сарапшылар. Ал Ұлыбритания астанасындағы осыған ұқсас экологиялық бастама өз нәтижесін берді. Мұнда бірнеше жылдан бері қала орталығына кірген ескі көлік жүргізушілері салық төлейді. Оның мөлшері 12,5 стрелинг фунт. Бұл біздің ақшамен 7 мың теңгеден асады. Автобустар мен жүк көліктері үшін бұл сома әлдеқайда көп. Билік алым енгізу ақылы қаланың ауа сапасы біршама жақсарғанын айтады. Мысалы, азот тотығының мөлшері 46%-ке азайған. Енді шаһар басшысы қаланың шеткі аудандарында да осындай салық енгізуді ұсынып отыр.

Садик Хан, Лондон мэрі:

- Жыл сайын 4 000 мыңнан астам Лондон тұрғынының мерзімінен бұрын қайтыс болуы тікелей лас ауамен байланысты. Балалардың тыныс алу жолдары ауруларына шалдығуы көбейді. Ал ересектерде демікпе, қатерлі ісік сияқты дерттер жиі кездесетін болды.

 

Өзбекстанда экологиялық талап күшейеді

Өзбекстанда да «Еуро-5» стандартына сай келмейтін көліктердің қозғалысы біртіндеп шектеледі. Ереже 1 наурыздан бастап күшіне енді. Әзірге заң Ташкент пен Нүкіс қалалары мен облыс орталықтарында ғана қолданылады. Кейін шектеу өзге өңірлерге де таралады. Ал Еуроодақ басшылығы экологиялық ахуалды жақсарту үшін пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен көліктерді жөндеуге тыйым салу бастамасын ұсынып отыр. Ортақ аймақ осындай шаралардың көмегімен 2030 жылға таман аумағындағы ауаның ластану деңгейін 55%-ке дейін азайтуға ниетті. Әзірге бұл ұсыныс қана. Десе де, оны қолдап отырғандар аз емес.