Жылдың алғашқы 3 айында 285 млн саяхатшы әлемді шарлаған
Әлем елдері туризмді дамытуға ден қоя бастады.
Оны Дүниежүзілік экономикалық форум тізген рейтингтен байқауға болады. Бұрын-соңды саяхатқа аса мән бермейтін көп ел тізімде алға шығып, оң көрсеткіштерге ие болған. Мәселен, бұған дейін бір жылда бас-аяғы 5 млн ғана саяхатшы қабылдайтын Индонезия жылдың алғашқы тоқсанында 3 млн туристке есік ашқан. Вьетнамның да саладағы қарқыны жаман емес. Ал Жаңа Зеландия әлемде алғаш болып туристерге арналған су асты электр кемесін іске қосты. Жалпы жаһан жұртының биыл жер шарын шарлауына қандай факторлар әсер етіп отыр?
Сарапшылар мұны ең алдымен пандемиядан кейін шектеулердің алынып тасталуымен байланыстырады. Сондай-ақ әуе қатынасының қарқын алуы мен саяхат бағасының арзандауы да әсер етіп отыр. Жылдың алғашқы 3 айында 285 млн саяхатшы әлемді шарлаған. Бұл өткен жылдардың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 97% артық.
Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын саяхат пен туризмді дамыту индексі бойынша көш бастап тұрған елдердің тізімін жасақтайды. Биыл Америка Құрама Штаттары осы жылдың ең сәтті саяхат және туризм елі атанды. Бұл рейтингте әр мемлекеттің инфрақұрылымы, табиғи ресурстары мен жұмыс күшінің қолжетімділігі сияқты басымдықтар таразыға салынған. Үздік үштікті тағы Испания мен Жапония толықтырып тұр. Испания теміржол қатынасы жақсы дамығаны үшін жоғары бағаланса, Жапония Азия нарығындағы өлшеусіз орны үшін лайық деп танылды. Күншығыс еліне кейінгі 3 айда 3 миллионнан астам турист саяхаттаған. Жалпы рейтингте төртінші орынға тұрақтаған Франция биыл күллі әлемнің назарында. Жазғы Олимпиада ойындары кезінде мұнда ағылатын саяхатшылардың қарасы көп болмақ. Үздік бестікті Австралия қорытындыласа, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Италия және Швейцария топ ондықтың тізіміне тұрақтады.
Хиуа – Ислам әлемінің туристік шаһары
Биыл наурызда Өзбекстанның 2500 жылдық тарихы бар Хиуа қаласына Ислам әлемінің туристік шаһары мәртебесі берілді. Осыдан 2 жыл бұрын ұйымға мүше елдердің сессиясында Хиуа, Абу-Даби, Түркияның Шанлыурфа, Нигериядағы Лагос пен Тәжікстанның Душанбе қалалары «2024 жылғы Ислам әлемінің туристік шаһары» мәртебесіне ұсынылған. Орта Азиядағы 5 қаланың ішінен Хиуа лайық деп танылды. Ислам өркениеті кең қанат жайған бұл шаһар 9 ғасырда Хорезм мемлекетінің астанасы болып, ерекше гүлденген. Сол кейпі әлі күнге сақтаулы. Сарапшылар: «қалаға мұндай мәртебенің берілуі Хиуаның саяхатшылар үшін аса танымал бағытқа айналуына мүмкіндік береді», – дейді.
Айта кетейік, тарихи өлкеде бірнеше күннен бері Ислам ынтымақтастығы ұйымының XІІ сессиясы өтіп жатыр.
Ахмад Кавеса Сенгендо, ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары:
- Бұл шаһар ежелден мәдениеттің, ғылым мен өркениеттің орталығы ретінде танылған. Астрономия, математика, химия ілімдері бойынша көптеген оқу орны мен ірі ғылыми орталық дәл осы қалада болды. Хиуа өзінің бай тарихымен әрі бірегей сәулетімен ортақ мұрамыздың маңызын айшықтап келеді.
Туристерге арналған алғашқы электрокеме
Жаңа Зеландия әлемдегі алғашқы су асты туристік электрокемесін жасап шығарды. Sea Change Zephyr деп аталатын бұл кемені жергілікті компания құрастырған. Саяхатшыларға арналған су көлігі сағатына 74 шақырым жылдамдықты еңсере алады. Бір мезетте 12 жолаушыны қабылдап, саяхат кезінде керемет әсер сыйлайды. Экологиялық таза, қуаттағышпен жұмыс істейді. Су асты кемесін іске қосу Жаңа Зеландияның туризм индустриясы үшін маңызды оқиға саналады. «Сондай-ақ саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді», – дейді жоба авторлары.
Вьетнамда туризм тұрақтала бастады
Вьетнам биыл мамыр айында 1млн 300 мың турист қабылдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51% артық. Елдің бас статистика басқармасы осылай деп мәлімдеді. Олардың сөзінше, Вьетнам пандемияға дейінгі туризмнің даму көрсеткішіне біртіндеп қадам басып келеді. Саяхатшылар бұл елге Ханойдағы Хук көпірін тамашалау үшін арнайы ат басын бұрады екен. Көбіне Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония, Таиланд елінен келушілер көп. Ел билігі биыл туристердің санын арттырып, 5,5 млн-ға жеткіземіз деген жоспар қойған.
Индонезия билігі туризмге ден қояды
Индонезияда да туризм саласы бойынша өсу қарқыны байқалады. Туристер үшін тартымдылығын жоймай, әлемдік рейтингте 32-ші орыннан 22-ші орынға шықты. Көрсеткіштің өсуіне инфрақұрылымды дамыту, қолжетімділікті арттыру, виза алуды жеңілдету сынды шаралар әсер еткен. Ел үкіметі 2025 жылға дейін саяхатшылар санын 20 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр.