Байден Мексикамен арадағы шекарадан өтуді заңмен қиындатты
АҚШ Президенті Джо Байден шекарадан өтуді қатаңдататын шаралар қабылдады.
Американдықтар үшін өзекті болған миграция мәселесіне бұған дейін баса мән бермеген Байден осы жолы нақты қадам жасады. Ол Америка-Мексика шекарасын қорғауды көздейтін жарлыққа қол қойды.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Оңтүстік шекарадан заңсыз өтпекші болғандар саны күніне 2,5 мың адамнан асса, жарлық бойынша бірден депортациялауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш шамамен 3700 адамға жеткен. Демек, Джо Байден енгізген жаңа тәртіп бірден күшіне енеді. Уақытша шектеу шаралары заңсыз өтетін босқындар саны 1500-ге дейін түскенде тоқтатылады. Ал соңғы рет мұндай төмен меже тек Ковид пандемиясы кезінде болған.
Байден 2021 жылы Ақ үйге келерінде бұрынғы президент Трамп қабылдаған шектеулерді алып тастауға уәде берген болатын. Бірақ шекараны заңсыз кесіп өтетін мигранттар нөпіріне тап болды. Әлемнің түрлі бұрышынан ағылған мигранттар Латын Америкасы арқылы АҚШ-қа заңсыз өтіп жатыр. Былтыр желтоқсанда олардың саны рекордтық көрсеткішке жетті: күніне 10000 адам шекараны заңсыз кесіп өткен. Енді жаңа жарлық келімсектер санын азайтуға сеп болмақ.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Бұл әрекет бізге шекарамызды бақылауға алуға және тәртіп орнатуға көмектеседі. Бұл тыйым заңсыз кіруге тырысатын адамдардың санын жүйеміз тиімді басқара алатын деңгейге түскенге дейін сақталады. Біз бұл бұйрықты халықаралық құқық бойынша біздің барлық жауапкершіліктерімізге сәйкес орындаймыз.
Республикашылар "Байден биылғы сайлау алдында өзекті мәселе - көші-қон дағдарысын шешуге тырысып жатқанын көрсеткісі келеді" деп санайды. Ал иммиграцияны қорғаушылар бұл қадамды қатаң сынға алып, оны пана беру жүйесін толығымен жою деп атады.
Майк Джонсон, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:
- Бұл көзбояушылық. Барлығы мұны біледі. Ол шынымен шекараны ойлайтын болса, баяғыда-ақ жасар еді. Біз оның ойында не бар екенін білмейміз.
Карина Руис, Arizona Dream Act коалициясының атқарушы директоры:
- Байденнің бүгінгі пана беру процедурасына өзгеріс енгізу туралы жариялаған жаңалығы - меніңше, федералды үкіметке жақсырақ әрекет етіп, миграцияға үлес қосуы керек. Басқа елдерден осында келген адамдардың құқығы бар, олар пана сұрауға құқылы, біз оны сақтаумыз керек.
Дегенмен соңғы айларда АҚШ-Мексика шекарасын заңсыз кесіп өтетін мигранттар саны азайған. Өйткені Мексика билігі сәл де болса бақылауды күшейтті. Ал жаңа шара бойынша шекараны жалғыз өтетін балаларға тыйым салынбайды.
Айжан Сыдықова