Түркияның үш провинциясында орман өртеніп жатыр

Орман өртінен аса зиян шекккен ел Түркия биыл да тілсіз жаумен күресіп әлек, деп хабарлайды 24KZ.

Елдің 3 бірдей аймағын жалын шарпыған.

Күннің ыстығы мен желдің екпіні, одан бөлек, адам аяғы жетуі қиын таулы алқаптарда оттың бетін қайтару қиынға соғып тұр. Қазір елде сынап бағанасы 40 градусты ыстықты көрсетіп тұр.

Түркияда орман алқаптары өртеніп жатыр. Елдің орман шаруашылығы басқармасының мәліметінше, солтүстік-батыстағы Бурса провинциясының Орханели ауданында, Анталияның Ақсу және көршілес Мугла провинциясының Милас уезінде өрт шыққан. Бурсада желдің екпінінен  қызыл жалын тез тарап, жер бедері қиын аймаққа өрт сөндіру техникасы дер кезінде жете алмаған.

Махмут Демирташ, Бурса губернаторы:

- Шамамен 100 гектар аумақ өртенді. Сөндіру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. 4 тікұшақ пен 4 ұшақ әуеден сөндіріп жатыр. 400 адам жұмылдырылған. Тұрғындар да қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Біз орман шаруашылығы ұйымымен, барлық мемлекеттік мекемемізбен және ұйымдарымызбен бірге өртті сөндіруге атсалысып жатырмыз. Өртті тез арада бақылауға аламыз деп ойлаймын. Сақтық шараларын қабылдадық. Біз үшін ұшақтың болуы – басты артықшылық.

Тілсіз жау Анталияның Ақсу ауданында 5 гектар, ал Муғланың Милас ауданында 2 гектар орман алқабын жалмап үлгерген. Үш бірдей өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Түрік елі үшін орман өртімен күрес қалыпты жағдайға айналған. Бұл маусымда тұрғындардың орман алаңдарына кіруіне тыйым салынған. Сондай-ақ ел-жұрт болып табиғатты қорғау шараларын қолға алып, орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіріп жатыр. Осы орайда Дүниежүзілік банк орманды қорғау жобасы үшін Түркияға 400 миллион доллар бөлді.

Ибрахим Юмаклы, Ауыл және орман шаруашылығы министрі:

- Біз 5 жылға созылатын және Дүниежүзілік банк 400 миллион доллар несие беретін Климатқа төзімді орман шаруашылығы жобасын бастаймыз. Жобаның Кахраманмараш, Газиантеп, Хатай, Килис, Адана және Османие сияқты провинцияларды қамтуы жер сілкінісі аймағын қалпына келтіруге өте маңызды үлес қосады. Жоба отқа төзімді ормандарды құру тұрғысынан маңызды қосалқы жобаларды қамтиды. Олар: орманды жерлердегі халық  үшін тұрғын үйді дамыту және абаттандыру, ғылыми омарта шаруашылығын, мал және өсімдік шаруашылығын қолдау, шатырларға  күннен қуат алатын панельдер орнату.

Түркияның 30% аумағын орман алқабы алып жатыр. Жылына шамамен 2,5 мыңнан астам өрт тіркеледі. Осыдан 3 жыл бұрын ел тарихындағы ең ауқымды орман өрті болып, 8 адам қаза тапты, шамамен 150 мыңнан астам орманды алқап күлген айналған еді.

Авторы: Меруерт Қанағат.