Әлем елдерінде балалар жазғы демалысты қалай өткізеді?

Еңбек түбі – береке. Осылай деген жапон оқушылары жазғы демалыс кезінде де тыным таппайды, деп хабарлайды 24kz.

Мұғалімдердің берген тапсырмаларын орындайды. Оңтүстік Кореяда да осыған ұқсас жағдай. Балалардың жүктемесі жоғары. Жазғы демалыс та қысқа. Шамамен бір айға ғана созылады.

Диктор:

- Білуімше, Оңтүстік Корея оқушылары үздіктердің қатарына кіреді. Мұның бір себебі жазғы демалыстың қысқа болуымен де байланысты шығар, иә?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Иә, кейбір сарапшылар солай дейді. Енді басқалары Финляндияны мысалға келтіреді. Мұнда жазғы демалыс 10 аптаға жалғасады. Бірақ соның өзінде де елдің білім беру жүйесі озық саналады.

 

АҚШ пен Еуропада балалар қалай демалады?

АҚШ пен Еуропада оқушылардың демалыс кезінде уақытын қызықты өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда білім беру мақсатындағы саяхат ұйымдастырылады. Танымдық экскурсиялар да қарастырылған. Балалар ұлттық саябаққа не тарихи мұражайларға барады. Сосын жазғы лагерьлер бар. Көбі ақылы. Олар әдетте спорт, әскери дайындық не шет тілін үйрену секілді нақты бір бағыттар бойынша жұмыс істейді.  

Сьюзи Луперт, АҚШ Лагерьлер қауымдастығының атқарушы директоры:

-Лагерь – бұл балалардың қауіпсіз ортасы. Мұнда оқушылар түрлі іс-шаралар мен сайыстар ұйымдастырып, уақытын қызықты өткізеді. Олардың тағы бір артықшылығы, балалар гаджеттерді пайдаланбайды. Әр жерден келген өзі қатарлас құрбы-құрдастарымен жақын араласып танысады. Ата-анасынан алшақта әр мезетті бағалай білуді үйренеді.

 

«Академиялық лагерь» мамандық таңдауға көмектеседі

Бұдан бөлек, ірі университеттер ұйымдастыратын «Академиялық лагерьлер» бар. Олар 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған. Жасөспірімдер жоғары оқу орындарында дәріс тыңдайды, семинарлар мен тәжірибелік зерттеулерге қатысады. Мұндай «Академиялық лагерьлердің» келекшекте мамандық таңдауда көп көмегі тиіп жатады. Сосын Еуропа мен Америкада демалыс кезінде жұмыс істейтін жасөспірімдер де аз емес. Олар балаларды қарайды, қарттарға жәрдемдеседі, саябақтардағы ағаштар мен гүлдерді бағып күтеді, фермаларда жеміс-жидек тереді.

 

Оңтүстік Кореяда жазда оқушылар 4 апта ғана демалады

Еуропа мен АҚШ-та жазда балалар екі айдай тынықса, Оңтүстік Кореяда ең қысқа жазғы демалыстың бірі саналады. Ол небәрі 4 аптаға ғана жалғасады. Шілденің аяғынан тамыздың ортасына дейін созылады. Бірақ билік соның арқасында оқушылары үлгерім бойынша үздіктердің қатарына кіретінін айтады. Десе де, қатаң жүйеге қатысты сын айтатындар да көп. Олар таңнан кешке дейін сабақтан қолдары босамайтын балалардың шаршайтынын алға тартады. Тіпті демалыс кезінде де оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша қосымша сабақтарға барады.

 

Жапонияда демалыс кезінде көп тапсырма беріледі

Жапон балалары да аз демалады. Мұнда оқу жылы біздікіндей қыркүйекте емес, сәуірде басталады. Ол 3 семестрге бөлінген. Әр семестр аяқталғанда оқушылар демалысқа шығады. Жазғы демалыс шілденің соңынан басталып, бір айға ғана жалғасады. Бірақ соның өзінде балалар сабақ оқумен болады. Өйткені көп тапсырма беріледі. Соның ішінде «Еркін зерттеулер» деген бар. Онымен бастауыш жән орта мектеп балалары айналысады. Сосын балалар сабақтан бос кезде уақытының көбін емтиханға дайындықпен өткізеді. Осылайша, өскелең ұрпақ аз демалып, көп еңбектенуге үйренеді. Мамандардың айтуынша, соның нәтижесінде балалардың жауапкершілігі артып, ересек өмірге тез бейімделіп кетеді.