Лондонда Халықаралық даулар апталығы өтті

Шара дүниежүзіндегі заңгерлер мен компания өкілдерінің басын қосты, деп хабарлайды 24kz.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының соты және Халықаралық төрелік орталығы сала үздігі ретінде апталыққа қатысты.

Ғалымжан Қараманұлы тарқатады.

- Халықаралық даулар апталығы биыл 100-ден астам юрисдикцияның басын біріктірді. Маңызды іс-шараға қатысу үшін Лондонға әлемнің түкпір-түкпірінен 7000-нан астам заң сарапшысы келді. Сала мамандары 150-дей шараға қатысып, күрмеулі мәселелер бойынша пікір таластырды, әріптестіктер орнатып, тәжірибе алмасты.

Артем Дудко, Лондондағы Халықаралық даулар апталығының ұйымдастырушысы:

- Бүгінгі өте маңызды шараға Латын Америкасы, Азия, Африка және әлбетте Қазақстаннан келген заңгерлер қатысып жатыр. Илегеніміз бір терінің пұшпағы – біз халықаралық дауларды шешеміз, cот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз етеміз. Бүгінгі платформа пікір алмасып, ой бөлісуге арналып отыр.

Хавар Куреши, Mcnair International өкілі:

- Қазақстан билігі «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуда зор жетістіктерге жетті. Біз орталық сотының басшысы Лорд Мэлдон Бернеттпен пікір алмасқанымызға қуаныштымыз. Өйткені ол кісіден үйренеріміз көп. Орталықтың ТМД мемлекеттеріне ғана емес, халықаралық деңгейдегі бизнес қауымдастыққа да біраз көмегі тиіп жатыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы 6 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Олар осы аралықта 2600-ден астам даулы іс қарап, 28 елдің инвесторының сұранысын 100% қанағаттандырды. Компаниялардың басым көпшілігі Еуразия мемлекеттерінен. Араларында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан сияқты еліміздің басты сауда серіктестері де бар. 

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы:

- Қазақстан мен Еуразия елдерінің игілігі үшін жасап жатқан жұмысымыз туралы айтып бердік. Халықаралық деңгейде жоғары стандарттарға жауап беретін ұйымға айналып жатқанымызды қуана хабарладық. Осыны түсінген инвесторлар Қазақстанмен жұмыс істеуге құлшыныс танытуда. Олар тәуелсіз сот төрелігіне сенім артады.

Гүлнұр Нұркеева, халықаралық «Грата» заң фирмасының басқарушы серіктесі:

- Қаржы орталығының сотында 3 іс бойынша тыңдалымға қатыстым. Оның ішінде Қазақстандағы министрліктерге де қарсы істер болды. Шетелдік инвесторлардың мүдделерін сәтті қорғап шықтық. Егер бұрын компаниялар Лондон, Париж, Сингапурдағы арбитраждарда әділдік іздесе, қазір Астанадағы қаржы орталығының сотында отырып-ақ мүдделерін қорғай алады.

Дауларды шешу апталығының биылғы тақырыбы: «Жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер үшін бірігу». Бұл былтырғы «Өзгермелі әлемге бейімделу» тақырыбының жалғасы іспеттес. Қатысушылар өткен жылы дауларды шешу әлемінде қандай жетістіктерге қол жеткізгенін, сондай-ақ келесі жылдан не күтетінін ортаға салды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы