7 маусым – Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күні
7 маусым – Біріккен Ұлттар Ұйымы бойынша Дүниежүзілік Азық-түлік қауіпсіздігі күні.
Адамзат тарихта талай аштықты бастан кешірген. Бір тілім нан таба алмау қасіреті дамыған, өркениетті деген қазіргі заманның өзінде әлі де өзекті. Себептер де қаз-қалпында қалған секілді.
Италия, Рим
Гернот Лаганда, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының климат және тұрақтылық жөніндегі директоры:
"Аштықтың 3 үлкен себебі бар. Олар - қақтығыстар, экономикалық дағдарыс және климаттың өзгеруінен туындаған табиғи апаттар. "Эль-Ниньо" құбылысы су тасқыны мен құрғақшылықты бірдей тудырып отыр. Халықаралық ұйымдар мен үкіметтер адамдардың өмірін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс."
Қақтығыс аштық әкелді
Газа секторы
- Қарулы қақтығыс Газа секторындағы қыруар халықты тамақсыз қалдырды. Тәуелсіз сарапшылар анклавтың солтүстігін қазірдің өзінде аштық жайлағанын айтады. Олар халықаралық қауымдастық оқ атуды тоқтатып, гуманитарлық көмек жеткізу бойынша ешқандай шара қолданбаса, шілде айының орта шеніне қарай сектордағы 1 миллион астам адамның жартысы аштан бұратылып, ажал құшуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Тіпті кейбір сарапшылар "Израиль аштықты ХАМАС ұйымына қарсы соғыста құрал ретінде пайдаланды" дегенді алға тартады. Бірақ ресми Тель-Авив кез келген айыптауды жоққа шығарып әлек.
Әнуар Әбу Кереш, тігінші:
"Мен қазір тек бір ғана нәрсемен айналысамын. Жаппай киім қысқартып жатырмын. Палестиналықтар қатты арықтап кеткен. Әсіресе балалар өте көп. Өйткені бұл аймақта қазір ешкім тойып тамақ ішпейді. Ас ішкеннің өзінде, құнарсыз, нәрсіз тамақ ішеді. Халық арықтамағанда қайтсін."
Швейцария, Женева
Маргарет Харрис, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:
"Газа секторында жасы 5-ке толмаған балалардың 85 пайызы 3 күнде бір-ақ рет тамақ ішеді. Біздің мамандар көшеде жүріп барлық адамнан "Азық-түлік жеткілікті ме" деп сұрады. Ересектердің көбі өзі үшін емес, тойып тамақ ішпейтін балалар үшін қатты алаңдайтынын айтқан.
Аштыққа екінші үлкен себеп - табиғи апаттар. "Балаларды құтқарайық" атты халықаралық қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккен Ауғанстанда аштық үлкен мәселеге айналатынын айтады. Әсіресе балаларға қиын соқпақ. Ұйым өкілдері алдағы уақытта жағдай қазіргіден де қатты ушығып, әр 10 баланың 3-уі бір тілім нанға зар болады деген қорқынышты болжам жасап отыр. Бұл шамамен 6 жарым миллион жеткіншек деген сөз. Мамыр айының ортасында Ауғанстанның солтүстік-батысын су басып, 130-дан астам адам ажал құшқан болатын. Із-түссіз жоғалған жүздеген адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ.
АҚШ
Эдем Восорну, БҰҰ Гуманитарлық мәселелер басқармасының басшысы:
"Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай өте ауыр. Биыл 23 миллион тұрғын көмекке мұқтаж. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 5 есе жоғары. Ғаламдық климат дағдарысы азық-түлік қана емес, сондай-ақ су тапшылығын да тудырып отыр."
Мысырда кедейшіліктің ушыққаны сондай, үкімет кейінгі жылдары нан бағасын субсидиялап, мұқтаж тұрғындардың өмірін жеңілдетуге әрекет қылып жүрген еді. Бірақ экономикалық дағдарыс одан сайын тереңдеп, нан бағасын 4 есе көтеруге тура келді. Мысыр билігі мұның себебін сырттан келетін бидай бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Десе де қымбатшылық халықтың тұрмысын ауырлатты. Өйткені субсидияланған нанды елдегі 111 миллион адамның 70 миллионы пайдаланатын еді.
Гамал Ахмед, зейнеткер:
"Нан да қымбаттады. Бұл бізге үлкен соққы. Өйткені бұдан бөлек біз газ, электр жарығы және су үшін біршама ақша төлеуіміз керек. Негізі бәрі қымбаттап жатыр. Әсіресе балалары бар адамдарға қиын. Бұрыннан ет, балық жемейтін адамдар көп еді. Енді мынадан кейін нан жеуді де азайтатын шығар."
Аштық кедей елдерді ғана емес, экономикасы қуатты мемлекет тұрғындарын да қыспаққа алған. Әлеуеті бойынша алғашқы 30-дыққа кіретін Аргентина халқының 55 пайызы тойып тамақ ішпейді дейді "Рейтер" агенттігі. Бұл елде тамақ түгілі, баспанасынан айырылып, далада түнейтіндер саны 4009-ға жетіп, 1 жылдың ішінде мың адамға артқан.