Израиль Газа секторына соққы жасады
Израиль әскері Газа секторының орталығындағы босқындар орналасқан мектепке шабуыл жасады.
Салдарынан 30-дан астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын жарақат алды. Бұл палестиналықтар үшін тағы бір ауыр соққы болды. Израильдің әрекетін Біріккен ұлттар ұйымы қатты айыптады.
Нусейрат мектебі Газадағы босқындар паналаған жалғыз қауіпсіз жер. Шабуылға дейін ғимаратта 6 мың адам болды. Олардың дені әйелдер мен балалар. Ресми ақпаратқа сүйенсек, күтпеген шабуыл кезінде 33 адам, оның ішінде 14 бала, 9 әйел оқиға орнында жан тапсырды.
Маха Исса, Газа тұрғыны:
- Шабуыл кезінде біз мектептің ішінде болдық. Зымыран дауысын естіген кезде не істерімізді білмей абдырап қалдық. Бір мезетте сыныптардың өртеніп жатқанын байқадым. Бұлай болады деп күтпедік. Ескерту жасағанда, біз тез арада басқа жерге көшер едік қой.
Бұл шабуыл туралы бейбіт тұрғындар алдын-ала білген жоқ. Ал бұған қатысты Израиль не дейді?
Даниэль Хагари, Израиль қорғаныс әскерінің ресми өкілі:
- ХАМАС әскері осы нысанда жасырынып отыр. Олар шабуылдарын жоспарлауға және іске асыруға осы мектепті пайдаланды. Біз барлау әскерінің мәліметіне сүйеніп, ХАМАС-тың 20-30 адамына әуеден шабуыл жасадық.
Сондай-ақ Израиль тарапы бұл шабуылды жоспарланған уақытынан екі рет кейінге шегергенін мәлімдеді. Оған себеп әйелдер мен балалардың бар-жоғын жақсылап тексердік дейді. Алайда болған оқиға Израильді ақтап алуға себеп емес. Бұл ретте Біріккен Ұлттар ұйымы бұл тағы бір трагедия деп, Израильді қатты айыптады.
Джульетта Тума, БҰҰ Әлеуметтік мәселелер жөніндегі өкілі:
- Бұл Газа тұрғындары үшін ең ауыр кезең болды. Тағы бір сұмдық шабуылдың куәсі болдық. Израиль болған оқиғаға өз мәлімдемесін жасады. Себебін түсіндірді. Дегенмен, оған сену қиын.
Израиль тарапынан шабуыл үдеген сайын, Газадағы гуманитарлық ахуал ушығып барады. Шекарадағы барлық өткізу пункттері жабық болғандықтан, көмек әуеден түсіп жатыр. АҚШ пен бірқатар мемлекет бірігіп, Израиль мен ХАМАС-ты ымыраға келуге шақыратын мәлімдеме жариялаған еді. Алайда қақтығыстың тоқтауы екіталай.
Фариза Жанғанаева