Бішкекте «Түркі әлемінің әйелдері» көрмесі ашылды

Мұнда әр елден келген суретшілердің түрлі жанрдағы туындылары ұсынылған.

Іс-шараға халықаралық түркі мәдениеті ұйымы мұрындық болды.

Көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның қылқалам шеберлерінің 60-тан астам өнер туындысы қойылды. Түріктердің тұрмысы, қырғыздардың тұмса табиғаты мен қазақтың жазық даласы суреттелген картиналар көздің жауын алады. Шеберлердің қолынан шыққан мүсін, кесте, тіпті панельге дейін алыстан менмұндалап тұр. Нәзікжандардың көзқарасымен бейнеленген бұл шығармаларда түркі халықтарының дәстүрі, әдет-ғұрпы мен салт-санасына басымдық берілген. Іс-шара Гапар Айтиев атындағы ұлттық бейнелеу өнері мұражайында өтуде.

Лейла Махат, суретші /Қазақстан/:

-Мен бұл шарада жазық даланы көрсеткім келді. Жылқыны бейнелеген себебім, ол қазақтың басты символы іспеттес. Отыз жылдан бері әр туындыма хас тұлпарды суреттеуге тырысамын. Сондай-ақ әйел адамның портретін бейнеледім. Өйткені бұл жоба қыз-келіншектерге арналады.

Тағы бір қазақстандық суретші Гүлназым Өмірзақ матадан тоқыған картинасын ұсынды. Көрсең көз сүйіндірер бұл туындылардың әрқайсысы мол ізденіс пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Көрменің ерекшелігі сол, онда түрлі стиль, форма мен әр ұлттың сурет салу әдісінен туған шығармалар көпшілік назарына ұсынылды.

Наргиз Гулиева, суретші /Әзербайжан/:

-Бұл қытай ханшайымының бейнесі. Мұнда қытай костюмін киген өзімді суреттедім. Менің шығармаларымның көбі әлемнің әр түкпіріндегі нәзікжандарды бейнелейді. Көрме әйел адамдарға арналған соң, осы тақырыпқа қатысы бар туындыларымды ала келуді жөн санадым.

Мазмұнды шараның ашылу салтанатында таныстырылған үздік 15 суретшінің туындысы «Түркі әлемінің қылқалам шеберлері» тізіміне енді. Жылжымалы көрме келешекте түркі елдеріне сапарға аттанбақ. Келер жылы бұл туындылар Ақтау қаласында халық назарына ұсынылады деген жоспар бар.

Әсия Нұрлыбаева, Бакыт Чермашев