Еуропарламент сайлауында «Еуропа халық партиясы» жеңді

Еуропарламент сайлауында «Еуропа халық партиясы» басым түсіп жатыр.

Бастапқы нәтижені Брюссельде ЕуроОдақтың бас заң шығарушы органының баспасөз қызметі жариялады. Солшыл партиялар танымал болып көрінгенімен бұл жолғы басымдыққа еуропалық интеграцияны қолдайтын күштер ие болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Еуропарламент сайлауында "Еуропа халық партиясы" оқ бойы озық тұр. Оның атынан Еурокомиссия президенттігіне қазіргі басшысы Урсула фон дер Ляйен түскен еді. Асығы алшысынан түскен ол бірден Еуропарламентте абсолютті басымдыққа иек артатынын жеткізді. 

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

"Кейбір мәселелер бойынша әртүрлі пікірде шығармыз, бірақ біз бәріміз тұрақтылықты және күшті, ұтымды Еуропаны қолдаймыз. Сайлауалды науқанда мен біртұтас еуропалық күштердің басымдыққа ие болуы үшін тер төктім. Мақсатым - осы бағытты жалғастыру. Еурокомиссияны тағы да басқаратыныма сенімдімін. Әрине жұмыс оңай болмайды." 

Еуропарламенттің қазіргі төрағасы Роберта Метсоланың айтуынша, "Еуропа халық партиясы" 189 орынға ие. Одан кейінгі межеде 135 орын алған "Социалистер мен демократтар". "Еуропаны жаңарту" партиясы үштікке іліккен. Қос фракция "Бірегейлік пен демократия" және "Консерваторлар мен реформашылдар" төртінші және бесінші орында табан тіреді. Олар 720 орынның 133-іне ие болуы мүмкін. Оңшылардың үлесі бұрынғы құрамнан шамамен 2 пайызға жоғары. Ал 51 орынды ешқандай фракцияға кірмеген депутаттар алады. Олардың қатарында "Германия үшін альтернатива» партиясы бар.

Роберта Метсола, Еуропарламент төрағасы:

"Еуропалықтар дауыс берді. Әлемдегі ең ірі трансұлттық демократиялық сайлау өз мәресіне жетті. Еуропарламенттегі жаңа орындардың қалай бөлінгені белгілі. Десе де нәтиженің түпкілікті бекітілгенін күтуіміз керек. Бұған біраз уақыт қажет."

Сауалнама бұл жолы сайлаушыларды көші-қон, климат, ауыл шаруашылығы, сауда және жаңа технологиялар көбірек толғандырғанын көрсетті. Сарапшылар Еуропарламенттегі 3 үлкен фракция көпшілікті құрайды деп болжайды.

Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов