Грузияда қазақ күресі таныстырылды

Грузиядағы алғашқы этнофестивальде қазақ күресі таныстырылды.

Іс-шара аясында сондай-ақ қару-жарақ, ұлттық киім көрмелері өтіп, грузин тағамдары ұсынылды.

Кахетияда гладиаторлор мен викингтер жекпе-жегімен қатар грузин және қазақ күресі көрермен көзайымына айналды. Грузияның шығысындағы тарихи өлкеге Қазақстан, Түркия, Жапония, Испания, Италия және Норвегиядан өкілдер жиналған. Әр топ ұлттық күрес түрін көрсетті.

Георгий Шиукашвили, ұйымдастырушы:

"Фестивальдің мақсаты – әр халықтың салт-дәстүрін паш ету, оларды жоғалтпай кейінгі ұрпаққа табыстауға үндеу, ата-баба рухын ұлықтау, өзара сый-құрметті насихаттау." 

Фестиваль бұрын жеке бастамамен өтетін. Бұл жолы оған елдің Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен.

Ираклий Какаладзе, Қазақстанның Грузиядағы құрметті консулы:

"Бүгінде біз Қазақстан атынан үлкен делегация құрамында қазақ күресін, қазақ музыкасы мен салт-дәстүрін таныстырып жатырмыз. Қазақстан мен Грузияның қарым-қатынасы сонау ХІІ ғасырдан бастау алады. Грузиндер мен қазақтар - достығы ажырамаған бауырлас елдер."

Қазақстан тобында грузин балуандары да болды. Бұл тегін емес. Грузияда 15 жылдан бері қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Қазір балуандар Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде.

Георгий Читашвили, Грузиядағы қазақ күресі федерациясының президенті:

"Грузияда қазақ күресіне деген қызығушылық өте жоғары. Өйткені ол грузин күресіне ұқсас. Біздің нәтижеміз де өте жақсы. Әлемде Қазақстаннан кейін үнемі екінші орын алып жүрміз".  

Екінші этнофестиваль қазанда өтеді. Оған 30 елден өкіл шақырылып, күрес, би және ұлттық тағам бойынша шеберлік сабақтары өтеді деген жоспар бар.

Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили