Байденнің ұлы кінәлі болып танылды
Делавэр штатындағы Уилмингтон федералды сотының алқабилері Джо Байденнің баласы Хантер Байденді қылмыстық істің барлық 3 тармағы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды 24KZ.
Алқабилер тобы қазіргі президенттің ұлы 2018 жылы есірткі пайдаланып жүргенде суық қару сатып алды, жалған ақпарат берді және қаруды заңсыз сақтады деп айыптап отыр.
Америка тарихында алғаш рет билік басындағы президенттің баласы кінәлі деп танылып отыр. Бұған дейін ауызбастырық беріп, қарым-қатынасын жасырды деп айыпталған Дональд Трамп сот төрелігі жүйесін сынға алып, Джо Байденнің қыр соңына түсіп алғанын мәлімдеген. Енді Ақ үй басшысының туған баласы жазаға кесілмек. Демек демократтар үшін сот жүйесін жиі сынайтын республикашыларға жақсы жауап табылды.
Конгрестегі демократтар Джо Байденнің сот төрелігін саяси немесе жеке пайда үшін пайдаланбайтынын, оған дәлел ретінде Хантер Байденді қудалау сияқты істерді атап өтті. Президент ұлының ісін Трамп тағайындаған АҚШ Әділет министрлігінің арнайы кеңесшісі Дэвид Вайс жүргізді. Ол сонымен қатар Хантерді Калифорнияда 2016 және 2019 жылдар арасында 1,4 миллион доллар салық төлемей, бұл ақшаны есірткіге, қымбат көліктерге және басқа да бағалы заттарға жұмсағаны бойынша қылмыстар жасады деп айыптады. Байденнің баласы бұл айыптарды мойындамады. Бұл іске қатысты сот 5 қыркүйекте Лос-Анджелесте өтуі тиіс.
Дэвид Вайс, арнайы прокурор:
- Айыпталушының есірткіге елітіп, ішімдікке салынғанын куәгерлер растап берді. Бұл іс оның есірткіге тәуелді болғаны жайлы емес, нашарқорлық – АҚШ-та көптеген отбасыны, оның ішінде Байденнің әулетін де айналып өтпеген ауру. Бұл іс айыпталушының қаруға қол жеткізу үшін үкіметтік құжатқа жалған ақпарат жазып, заңсыз жолды таңдауына байланысты болды.
Виктория Нурс, Джорджтаун университетінің профессоры:
- Бұл Хантер Байден үшін де, оның отбасы үшін де өте қайғылы жағдай екеніне сенімдімін. Көбі есірткіге тәуелді адамдардың қандай боларын біледі. Бірақ бұл заңның үстемдігін көрсеткен жақсы күн болды. Бізде демократия жоқ немесе бұл қоқаңдаудың бір түрі деп ешкім айта алмайды. Біздің институттарымыз мықты және Президентіміз баласына кешірім жасамайтынын айтты. Оның отбасы көп нәрседен өтті деп ойлаймын.
Президент сайлауы қарсаңында Джо Байденнің ұлының сотталуы республикашылдар үшін үлкен ұпай әпергендей. Жалпы заң бойынша мұндай қылмысқа тіпті 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Алайда бұрын қылмыс жасамағандарға ауыр жаза берілмейді. Тіпті түрмеге тоғытылмауы да мүмкін. Сот шешімді 2-3 айдан кейін шығаратын болады.
Авторы: Айжан Сыдықова.