Әлемде әрбір үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды

Әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кемі бір рет болсын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, жер шарындағы 736 млн қыз-келіншек өзінің ері немесе танысы тарапынан зәбір көреді. Оның 42%-і физикалық күш көрсетуге тап болса, 38%-і өліммен аяқталады. Дүниежүзілік банк осындай деректер келтіріп отыр. Өкініштісі сол, әйелдің ар-намысына тиіп, қиянат жасау жағдайлары соңғы жылдары тым артқан. Мұндай әбес әрекеттер әсіресе, өмір сүру деңгейі төмен қара құрлық пен аралды елдерде жиі тіркеледі.

Диктор:

- Статистика көңіл көншітпейді. Құқықбұзушылықтардың соңы неліктен қайғылы жағдайға әкеп соғып жатады? Сарапшылардың зерттеуі не дейді?

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Біріккен ұлттар ұйымының саралауы бойынша сағат сайын кемінде 5 қыз-келіншек өз отбасы мүшесінің қолынан қаза табады. Өйткені ерлі-зайыптылардың зорлық-зомбылық фактілері құзырлы органға мезетінде айтылмайды, істің тек 1%-і ғана сотқа жетеді. «Ал мұның соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады», - дейді сарапшылар.

 

Қара құрлық құқықбұзушылықтан көз ашпай тұр

Әйелдердің әлсіздігін пайдаланып, қол көтеру, оларға қоқан-лоққы көрсету бойынша көш бастап тұрған аймақ – Кирибати, Фиджи, Папуа-Жаңа Гвинея, Соломон аралдары және Бангладеш. Мұнда әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш байқалады. Бұл елдерде 15 пен 49 жас аралығындағы азаматшалардың 50%-інен көбі серіктесінен физикалық не жыныстық тұрғыда зәбір көріп келеді. Мұнан соң қара құрлықта: Экваторлық Гвинея, Конго, Уганда, Либерия, Оңтүстік Судан, Замбия, Лесото, Бурунди,  Азияда Ауғанстан және Латын Америкасында Боливия құқықбұзушылықтан көз ашпай тұр. Африка аймағында әйелдерге қиянат жасау қалыпты құбылыс саналады. Ал төзгісіз ұрып-соғудан төзімі таусылған қыз-келіншектердің құзырлы органнан көмек сұрауға қаржылай мүмкіндігі жетпейді. «Осындай көріністі көріп өскен ұл мен қыздың болашағы бұлыңғыр болады», - дейді сарапшылар.

 

Зорлық-зомбылық деңгейі жоғары елдер

Кирибати – 53%

Фиджи53%

Папуа-Жаңа Гвинея51%

Бангладеш50%

Соломон аралдары 50%

Африка: Экваторлық Гвинея, Конго, Уганда, Либерия, Науру, Оңтүстік Судан, Замбия, Лесото, Бурунди, Камерун, Габон

Азия: Ауғанстан

Латын Америкасы: Боливия

 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Гендерлік зорлық-зомбылық жайттарына экономикалық дағдарыс, конфликт немесе эпидемия сияқты кез келген жағдай әсер етеді. Ал қорғансыздығын пайдаланып, зәбір көрсету әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді. Елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуына жол бермейді.

 

Еуропада зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Еуропа елдерінде де жағдай мәз емес. Фемицидтердің, яғни, әйелдерге зорлық-зомбылық жасаушылардың басым бөлігі көбіне Грекия, Словения, Германия және Италияда тұрады. Мәселен, Германияда әрбір үшінші әйел тұрмыста әлімжеттік көреді. Әрі мұндай деректер жылдан жылға көбейіп барады. Былтыр 143 мың құқықбұзушылық тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 мың жағдайға көп. Сарапшылар мұны пандемия кезеңінде төрт қабырға ішінде оқшауланған жұптардың өзара түсініспеушілігімен байланыстырады.

Сильвиа Ценцен, «Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы» ұйымының өкілі:

- Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиі тіркелді. Есесіне, бұл жағдай қазір ашық айтылатын деңгейге жетті. Нәзікжандар өзінің жалғыз емес екенін сезініп, дағдарыс орталықтарына кеңес сұрап келе бастады. Бұл – қоғамды алаңдатқан мәселе. Мұндай құқықбұзушылықтарды азайту үшін үгіт-насихат жұмыстары мектептен басталу керек.

Ал Орталық Азия құрлығында шамамен 35 млн-ға жуық нәзікжан зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүр. «Бұл елдердегі кей ғұрыптар мен ескі түсінік олардың құқын шектеп, тұрмыста таяқ жеуіне түрткі болып отыр», - дейді мамандар.