Босқындарға талап қатаң

Биыл Германияға 8 елден келген 700 000 мигрант жұмыспен қамту орталығына тіркелді, деп хабарлайды 24.kz.

Олардың дені Сирия мен Ауғанстаннан. Алайда олар қосымша жұмыс істей алады. Мәселен, бала бағады, науқас адамдарға күтім жасайды. Ал ол тізімге тіркеле алмағандары күніне 4 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға қатысып, сағатына біздің теңгеге шаққанда 300 теңгедей алады. Сондай-ақ биыл елден пана іздегендер әлеуметтік төлемдерді қолма-қол ақшамен алмайды. Қаражат арнайы картаға аударылады. Федералды үкімет пана іздеушілердің өздері келген елдеріне ақша жіберу мүмкіндігін осылайша шектегісі келеді.   

БЛИЦ:

-Біз тақауда ғана сізбен Еуропада маман тапшы, жұмыс күші жетпей жатыр дедік? Бұл ретте Германия қандай шаралар жасап жатыр?

-Осы жерде білікті маман мен босқындардың ара-жігін ажыратып алған жөн. Өйткені елде босқындарға қатысты заң қатаң да, білікті мамандарға мүмкіндік көп.

Мигранттарды сыйдыра алмай жатқан елдің бір – Франция. Қазір елде 7 миллион шетелдік тұрады. Бұл жергілікті халықтың 10 проценті. Оларды жайғастырып, бағып күтуге кететін шығын түсетін пайдадан әлдеқайда көп. Сондықтан билік биыл сырттан келгендер үшін талапты қатаңдатты. Өйткені былтыр Франция құқықбұзушылық жасаған 4686 шетелдікті елден шығарған. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға көп. Жаңа талап бойынша Францияға келген мигранттар енді француз тілінен емтихан тапсыруға міндетті.

Марианна Бель, үкіметтік емес «La Climade» француз ұйымының өкілі:

- Бұл заңның талабы тым жоғары. Мемлекеттік тілді білуді міндеттеген мемлекет ол тілді меңгеру үшін де бар жағдайды жасауға тиіс. Әйтпесе ел ішінде түрлі алауыздық туады.

Ал 11 миллионнан астам заңсыз мигрантты сыйдырып отырған АҚШ-тың қазір өзге елдерге көмек беретін қауқары жоқ. Өйткені кейінгі жылдары шекарадан заңсыз өткен мигрант саны күрт өсті. Жалпы жыл сайын 770 мыңдай мигрант заңсыз келеді. Мәселен, былтыр 800 мың босқын паналауға өтініш берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда, 63 пайызға көп. Олардың дені – Мексика, Үндістан, Филиппин азаматтары. Тексеруден өтпегендеріне АҚШ-қа кіруге 5 жылға тыйым салынады. Осылайша былтыр Америкаға заңсыз кірмек болған босқындар саны 70 пайызға азайды.   

Әлемде көрініс алған көші-қон дағдарысы қазірде шарасыз құбылысқа айналды. Мұны сарапшылар демографиямен, елдердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатымен байланыстырады.