Бельгияда жаңа үкімет қалай жасақталмақ?

Еуропалық парламентке сайлаумен қатар Бельгияда аймақтық және федералдық сайлау өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде үкімет отставкаға кетті. Корольдіктің бұған дейін 540 күн үкіметсіз өмір сүріп, рекорд орнатқаны белгілі. Сондықтан бұл жолы жаңа министрлер кабинетінің жасақталуы ұзаққа созылып кетпей ме деген күдік басым.

Бельгиядағы парламенттік сайлау нәтижесі бойынша оңшыл фламандық партиялар жеңіске жетті. Ал премьер-министр басқаратын коалиция парламенттегі басымдығынан айырылған. Сондықан Александр Де Кроо үкіметі отставкаға кетті. Дауыстар саналып бола салысымен, ол тиісті шешімі туралы Бельгия короліне хабарлап, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Король менің отставкамды қабылдады. Үкімет қазіргі жұмыстармен айналысып, билікті тапсыруға дайындалады. Дауыс берушілерге алғыс айтамын. Сайлау нәтижесі көңілімізден шықпады. Ол үшін жеке өзім жауаптымын», – Александр Де Кроо.

Жаңа үкімет жасақтауда король шешуші рөл атқарады. Ол басқарушы коалиция құру шешімін қабылдайды. Сол үшін Король барлық партия жетекшілерімен жеке-жеке кездесіп, келіссөздер өткізді. Олардың қорытындысы бойынша федералдық коалиция құру «Жаңа фламандық альянс» партиясының басшысына тапсырылды. Ал саяси дода қорытындысына қатысты тұрғындар пікірі қақ жарылды.

Сауалнама:

- Мен сайлау қорытындысы былай болады деп күтпедім. Дегенмен бұл демократиялық нәтижеге көңілім толып отыр.

- Бұл премьер-министр Александр де Кроо үшін ауыр соққы болды деп ойлаймын. Елі үшін күн-түні аянбай еңек етіп, жеңіліске ұшырау қанша дегенмен оңай емес.

Отставкаға қарамастан Александр де Кроо жаңа үкімет құрылғанша өз міндетін атқара береді. Ал бұл процестің бірнеше ай, тіпті бірнеше жылға созылып кетуі де ғажап емес. Өйткені 2010 жылы үкімет отставкасынан кейін Бельгияда 1,5 жыл министрлер кабинеті болмаған.                                                

Авторлары: Жұлдыз Атагельдева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.