Ең үнемшіл елдер тізімінде кімдер бар?
Мемлекеттік қазынада қаражаты көп елдердің тұрғындары шалқып өмір сүрмейді, деп хабарлайды 24kz.
АҚШ пен Қытай, Жапония сынды алпауытыңыздың өзінде жалақыдан жалақыға күнін көретіндер көп.
«Қаржылай сауатты болудың кілті үнемдеуде», - дейді әлемдік сарапшылар. Үнемдейміз деп жақсы өмір сүруге үлгермей жатқандары дар бар.
Азиядағы ең үнемшіл елдер
Тиыннан теңге құрап отырған халықтың бірі – жапондар. Технологияның түр-түрін шығарып, жаһанды аузына қаратқан елдің тұрғындары неге бір-бір баспанада тұрмасқа?! Жоқ, Жапонияда баспана түгілі, бір отбасы мүшелері бір ваннаға кезек-кезек шомылады. Табысы орташа жанұялардың жағдайы осылай. Коммуналдық қызметтерге шығындалғанша, одан артылғанын бағалы қағаздарға немесе банктік шоттарға салғанды жөн көреді. Жапондықтар әр басқан адымын аңдып, оған кеткен шығынды, арнайы дәптерге жазып отырады.
Оңтүстік Корея да үнемшіл
Корейлер де коммуналдық төлемдерге көп шығындалғысы келмейді. Мәселен, үйге берілетін жылуды үнемдеу үшін бөлмелеріне шатырлар қойып, сонда жылынады. Бір қызығы, тұрғындар дүкеннен көбіне ашық түсті киімдерді сатып алады. Бұл кір жууға кететін ұнтақты үнемдеу үшін.
Бар тапқанын баласына жұмсайтын ел
Саудаласуда алдына жан салмайтын ел Қытайда еңбектеген баладан, 90-дағы қартқа дейін қаражатын банкте сақтайды. Бұл халық үшін қалыпты жағдай. Ақша жинау қабілетін жергілікті тұрғындар қанмен келген деп айтады. Нарықтағы алпауыт компанияларды басқарып отыруы да бекер емес. Алайда қытайлықтардың қалтасы қалың болғанымен, қаражатын өзіне жаратуда сараң халық. Қор жинаудағы басты мақсаты – отбасы қамы. Мәселен, Қытайда ұл балаларды ата-анасы аяқтандырып, пәтермен қамтамасыз ете алмаса, бұл – сол отбасының басты уайымы. Яғни бар тапқан-таянғанын баласының шығынына жұмсайды.
Еуропалықтар ақшадан шашау шығармайды
Еуропа нағыз сәннің Отаны дейміз. Алайда еуропалықтар киімнің ең арзанын киеді. Халықтың 80%-і жаппай сатылым кезінде киім-кешекті жеңілдікпен алады. Францияда арзан киімдер науқаны бола қалса, жұрт жұмысын ысыра салып, көйлек-көншік алуға асығады.
Ал Германияда коммуналдық тарифтер төмен болғасын, немістер душқа тек түнде түседі. Тіпті жылуды да көп жаратпас үшін үйде жылы киініп жүреді. Ал табысының 10-15%-ін тұрақты түрде инвестициялық қорға, зейнетақы қорына, түрлі акцияларға салып отырады.
АҚШ азаматтарының банкте қарызы көп
Америкалықтар үшін қолма-қол ақшаны сақтау мен көбейтудің ең тиімді әдісі бұл – жылжымайтын мүлік. Өйткені депозит бойынша пайыздық мөлшерлемелер көп емес. Мәселен, 250 мың АҚШ долларына ашылған депозиттік шотқа жылына 0,05% ғана қосылады. Тұрғындардың айтуына қарағанда, банк қаржыны сақтау үшін қауіпсіз, бірақ инвестицияға мүмкіндік жоқ. Сондықтан олар қосымша пәтер, үй алудың қамын ойлайды. Десе де, америкалықтардың бас-басында несие бар. Оны төлей алмай қиналатындары көп. Мәселен, былтыр, АҚШ азаматтарының несие карталары бойынша жиынтық қарызы 1,03 трлн-ға жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,2%-ке көп. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан сұраныс артқан сайын банктер несие карта беруді көбейтті. Мәселен, былтыр 24 миллион шот ашылған.
Үнемдеген ұтады! «Иә, осы ретте несие алып, қарызға белшеден батпай, үнемдеген әлдеқайда тиімді», - дейді сарапшылар.