Құрбан айт қарсаңында қымбатшылық ырық берер емес
Бангладеште биыл 10 миллион 700 мың бас мал құрбандыққа шалынуы мүмкін.
Ал қазір нарықта 13 миллион бас жануар союға дайын тұр деп мәлімдеді елдің Мал шаруашылығы министрі. Бірақ экономистер дағдарыстан бас көтере алмай келе жатқан Бангладеш тұрғындарының көбі Құрбан Айтқа дайын емес дейді. Себебі малдың бағасы бірнеше есе қымбаттаған. Бұл басқа мұсылман елдеріне де тән жағдай.
Қақтығыс ошағына айналған Газа секторында мал басы сиреп қалған. Қаншамасы снаряд, бомба, оқтан және қираған қора-қопсының астында қалып, қырылды. Барының өзі арық. Өйткені анклавқа сырттан азық-түлік әкелу жанжал басталған 8 ай бойы мұңға айналды. Жергілікті жұрт осы уақыт ішінде мал етін тауысуға айналған. Оның үстіне, төрт түлікті семіртуге жем-шөп тапшы. Құрбан айт қарсаңында қой етінің бір келісі 22 доллар, яғни 10 мың теңге тұрады.
Біләл Ашур, малшы:
"Бізде үлкен мал шаруашылығы болған. 500 бас бұзауымыз бар болатын. Қойларымыз да көп еді. Мына соғыс бәрін құртты. Құрбан айт кезінде өтімді болатын қойлардың бәрі арық. Жем-шөп жетіспейді."
Анас Әл-Наджар, сатып алушы:
"Биыл Газа секторында ешкім құрбан шала алмайтын сияқты. Жылда Құрбан айт ересектер үшін де, балалар үшін де үлкен мереке болатын. Мына соғыс басталғалы ойын-сауық дегенді мүлде ұмыттық. Халық мал сою түгілі, бір тілім нанға мұқтаж".
Құрбан айт қарсаңында мал қымбаттады
Пәкістан
Құрбандық малы қақтығыстан аман Пәкістанда да күрт қымбаттады. Жануарлар бағасы былтырғыдан кемінде 50 пайызға көтерілген. Тұрғындар үкімет инфляция деңгейі едәуір төмендеді деп өтірік айтады дейді. Бұл ел Халықаралық валюта қорынан 8 миллиард доллар несие алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Сыртқы қаржылай қолдаусыз экономиканың халі нешік.
Абдул Райхан, сатып алушы:
"Қымбатшылық ырық берер емес. Оны тежеуге үкіметтің қауқары жетпей отыр. Барлық тауарлардың бағасы былтырғыға қарағанда кемінде 3 есе қымбаттады."
Индонезия
Ең көп мұсылман тұратын Индонезияда ірі қараның бағасы биыл 21 пайызға көтерілді. Сатушылар тұтынушылардың саны 30 пайызға қысқарғанын айтады. Өйткені қымбат малды сатып алуға көп адамның шамасы жоқ.
Ернат Мелсұлы