Өзбекстан Орталық Азияда жеңіл өнеркәсіптен көш бастап тұр
Әлемде жеңіл өнеркәсіп саласында Қытай көш бастап тұр.
Көршіміз тоқыма, киім, аяқ киім өндірісі бойынша алдыңғы орында. Әлемдік мақта өндірісінің 40% - ы, жіптің 64, матаның 41 және киім өндірісінің 50%-ы Қытайдың үлесінде. Ал Үндістан әлемдегі екінші ірі тоқыма өндіруші ел. Мұнда киім мен аяқ киім өндірісі өркен жайған. Салада 45 млн адам жұмыс істейді. Бангладеш ең ірі киім өндіруші ретінде танымал болса, Вьетнам тігін секторында сұранысқа ие. Үздік бестікті тоқыма, киім, трикотаж және аяқ киімнің ірі өндірушісі ретінде Түркия толықтырып тұр. Еуропада да жеңіл өнеркәсіп қарқын алған. Италия дизайнерлік киім, аяқ киім, аксессуар өндірісінде көшбасшы. Португалия, Франция, Испания тоқыма, киім және аяқ киім өндіреді. Ал Германияда тоқыма және техникалық тоқыма өндірісі жақсы дамыған. Соңғы онжылдықта жеңіл өнеркәсіп дамыған елдерден дамушы елдерге ауысты, өйткені мұнда еңбек шығыны төмен әрі жұмыс күші арзан дейді сарапшылар.
Жеңіл өнеркәсіп дамыған елдер
Азия:
Қытай
Үндістан
Бангладеш
Вьетнам
Түркия
Еуропа:
Италия
Португалия
Франция
Испания
Германия
Африка:
Эфиопия
Марокко
Тунис
Көршіміз Өзбекстан жеңіл өнеркәсіп бойынша Орталық Азия аймағында көш бастап тұр. Мұнда өндірілетін өнімнің 63%-і өзге елдерге экспортталады. Ресейдің негізгі тауар жеткізушілерінің ірі бестігіне кірген. Біздің елімізбен де тоқыма және киім өндірісінде тығыз байланыс орнатқан.
Қырғызстан
Қырғызстанның да жеңіл өнеркәсібі жылдам дамып келеді. ЖІӨ-нің 7,1%-ын тігін фабрикалары құрайды. 150 мың адам жұмыспен қамтылған. Айыр қалпақты ағайын Ресей нарығында сұранысқа ие. Олар үшін қырғыз өнімдерінің құны Қытаймен салыстырғанда 20-50% төмен.
Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласында Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерімен ынтымақтастық орнатқан. Жалпы өнімнің 37,4% Ресей нарығына экспортталады. Былтыр еліміз әлем елдеріне 2 млрд АҚШ доллары көлемінде тауар жеткізген. Үкімет жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспортын әлде де ілгерілету үшін бірқатар шаралар қабылдауда.