Қытайда күн 75 градусқа дейін ысыды
Қытайда ауа температурасы 75 градусқа дейін көтерілді. Аптап елдің солтүстік батысындағы Турфан тауында тіркелді.
Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Күннің ысуы туристер мен жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп тудырды. Аймақта төтенше жағдайдың қызғылт деңгейі енгізіліп, ескерту жарияланды. Соған қарамастан туристер легі азаяр емес. Қайта, керісінше, саяхатшылар саны арта түскен. Қытайлықтар күннің ысыған сәтін пайдаланып, туризмді дөңгелетіп жатыр. Кәсіпкерлер қызған құмға жұмыртқа пісіріп, тонна-тонна сусын, қап-қап мұз сатып, мол табысқа кенелді. Әсіресе 12 метрлік алып термометрдің жанында фотосуретке түсуге құмартушылар көп. Турфан метеорологиялық обсерваториясы бұл аймақта аптап бір аптаға дейін сақталатынын мәлімдеді.
Лу Цао, турист:
- Мұндайды алғаш рет көруім. Күннің ысығаны соншалық, ыстық ошақта қақталып жатқандай әсер аласың. Бұл – есте қаларлықтай ғажайып жағдай. Мынадай аптап жиі болатын аймақта жергілікті тұрғындар қалай өмір сүріп жатқаны таңғалдырады.
Лань Юнься, туристік ауданның маркетинг жөніндегі директоры:
- Ыстықтан қорғанудың бар амалын жасап жатырмыз. Желдеткіш жұмыс істеп, мұз бен сусын саудасы қызып тұр. Алайда бұл аздық етіп отыр. Тоңазытқыштар суытып үлгермейді. Мұз демде еріп, ауызсу жылып кетіп жатыр. Сонымен қатар күннің көзінен қорғайтын түрлі дәрі-дәрмектер қорын да арттырдық. Ең бастысы – қауіпсіздік.