Түркияда құрбандыққа шалынатын мал бағасы екі есе өсті
Түркияда құрбандыққа шалынатын мал былтырға қарағанда екі есе қымбаттады, деп хабарлайды 24kz.
Бұған жем-шөп құнының өсуі мен басқа да шаруашылық шығындардың артуы себеп. Шаруалардың дені амалсыз қорадағы малын сатып жатыр. Ал бұл жағдай елдегі төрт түліктің азайып, ет бағасының өсуіне алып келген.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Халқының 90%-ке жуығы мұсылмандардан тұратын Түркия үшін құрбан айттың орны ерек. Бауырлас ел діни мейрамға қал-қадірінше дайындалып, жаппай атап өтеді. Биыл да дәстүр өзгерген жоқ. Құрбан айтта Түркия жұрты 9 күн демалады, ал елдегі ақылы жолдар тегін болады. Ірі қалаларда мыңдаған сақшы күні-түні кезекшілік атқарып, қоғамдық тәртіпті бақылауда. Бір қарағанда бәрі әдеттегідей көрінгенімен, биыл төрт түліктің бағасы аспандап тұр.
Надир Текин, кәсіпкер:
- Былтыр мен 7 кісіге шақталған 650-700 келі тартатын ірі қараны шамамен 100 мың лираға сататынмын. Биыл оның бағасы 180 мыңнан астам. Жем де қымбат. Екі есе өсті. Шопан да жоқ. Ауғандықтар жұмыс істейтін. Олардың дені депортацияланды. Шопанның айлығы 1800-2200 доллар шамасында. Оны да табу қиын. Барлық зат қымбаттады. Осының бәрі мал бағасына әсер етпей қоймайды. Мәселен, былтыр мен 4 кісіге шақталған ірі қараны 30-35 мыңға алатынмын. Биыл оның құны 70-75 мың. Одан бөлек, 30-35 мыңға жем аламын. Үстіне өзімнің пайдамды қосамын. Сонда 140 мың лираға шығып тұр.
Теңгеге шаққанда ірі қара малдың құны шамамен 1 млн мен 3,5 млн аралығында. Қой мен ешкі 110 мың мен 350 мың теңге шамасында саудаланып жатыр. Өкілдік арқылы шалынатын мал бағасы төмендеу. Сондықтан халықтың біразы сол жақтан алады. Ал, құрбандық шалып, оны таратуды дәстүрге айналдырған тұрғындар бағаға қарап жатқан жоқ.
Ашур Сумен, тұрғын:
- Жылда аламын. Басқа заттар секілді төрт түлік те қымбаттаған. Бұған шаруалардың кінәсі жоқ. Азамат ретінде кәсіпкерлерімізді қолдау – біздің міндетіміз. Қымбат дей берсек, бірнеше жылдан кейін бұл кәсіппен айналысатын ешкім қалмайды. Мұсылмандық міндетті де атқару керек.
Эйуп Түзер, тұрғын:
- 125 мың лираға өгіз алдық. Әрбір кісіге 25 мыңнан келеді. 5 адам болып шаламыз. Былтыр дәл осындай малды 50 мыңға алып едік.
Жыл сайын Құрбан айт кезінде мал базарға 2,5 миллион қой мен ешкі, 800 мыңға жуық ірі қара жеткізіледі. Сауданың жайы алдағы күндері белгілі болмақ.
Авторы: Меруерт Қанағат