Барнауылда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Алтай өлкесінде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Барнауыл қаласында орналасқан кеңсе екіжақты экономикалық қатынастарды ілгерілетуге жәрдемдеседі.

Алтай өңірі еліміздің Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарымен шектеседі. Және осы аймақтар өңірдің басты сауда серіктестері саналады. Өңірдің жалпы сыртқы тауар айналымының үштен бірі біздің елге тиесілі. Алтай өңірінен біздің елімізге ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларының экспорты кейінгі бес жылда 6 есе өсті. Бұл өлке Қазақстаннан металл өнімдерінен бастап көкөніс, тәттілерге дейін сатып алады. Құрметті консулдық екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін маңызды. Барнауыл қаласында жаңа кеңсе Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Алтай өңіріне сапары аясында ашылды.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бізге бұл үлкен үлес қосады деп сенеміз. Құрметті консулдың басты жұмысы — екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми, білім және мәдениет саласында қызмет атқару, екі елді жақындастыру.

Александр Лукьянов, Алтай өңірі үкіметі төрағасының орынбасары:

- Бұл - Сібір федералды округіндегі Новосибирскіден кейін екінші құрметті консулдық. Жаңа кеңсе біздің серіктестігіміз артып жатқанын білдіреді. Сондай-ақ Алтай өлкесінің аумағында тұратын қазақтардың санын ескерсек, консулдық өзара қарым-қатынас мәселелері мен экономикалық сұрақтардың тез шешіліп, екі тараптың да дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын.  

Құрметті консулдық отандастарға жедел көмек көрсетумен де айналысатын болады. Жалпы алғанда Ресейде біздің еліміздің он құрметті консулдығы жұмыс істейді.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров