Пәкістанда аптап ыстық бизнесті тығырыққа тіреді

Табысты бизнес құру оңай іс емес. Бәрінің бірдей жолы бола бермейді.

АҚШ-та жыл сайын жарты миллионнан астам компания жабылып қалады. Бұл – осы елдің Сауда палатасының мәліметі.

Америкалық компаниялардың 20%-і 1 жылдың ішінде жұмысын тоқтатады. Ал 30%-інің ғұмыры 2 жылдан аспайды екен. Бизнестің табысты болмауына не себеп?

Аптап бизнесті тығырыққа тіреді

Табиғаттың тосын мінезі көптеген бизнестің адымын аштырмай отыр. Пәкістанда шағын кәсіптің кірісінен гөрі шығысы, несібесіне қарағанда несиесі ұлғайған. Бұған аптап ыстық себеп. Температура бағаны 40-тан түспейді. Үкімет бұған дейін энергетика желісін жаңартпаған. Жоғары температураға шыдамаған ескі сымдар үзіліп, станция жиі істен шығады. Электр тоғы болмаған соң тұтынушыларға қызмет көрсету де тоқтайды. Шағын кәсіп иелері пайда таппақ түгілі алған несиесін өтей алмай, зор шығынға батқан.

Мұхаммед Ілияс, мейрамхана қожайыны:

- Жарық үнемі өше береді. Әбден берекеміз кетті. Тамақ мүлде істей алмаймыз. Тоңазытқыштар мен мұздатқыштар тоқтап, азық-түлік бүлініп, рәсуа болып жатыр.

 

Саясат туризм бизнесіне тұсау салды

Бизнеске климат қана емес, саясат та кедергі. Польшаның Ішкі істер министрі көршілес Беларусьпен арадағы шекара бойында буферлі аймақ құру туралы бұйрыққа қол қойды. 44 шақырым шекараға 200 метрге, ал 16 шақырым аумақта 2 шақырымға дейін жақындауға тыйым салынған. 13 маусымда қабылданған қаулы 3 ай күшінде болады. Қатаң шара қабылдауға 28 мамырда заңсыз мигранттың шекарашыны пышақтап өлтіруі себеп болған. Польша мен Беларусь арасы Украина-Ресей қақтығысынан кейін ушыққаны белгілі. Бірақ билік енгізген шектеуден бизнесмендер зардап шегіп отыр. Өйткені бұл аймақта ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген, табиғи әсемдігі көздің жауын алатын Беловьеза орманы бар. Оған жылда мыңдаған турист келіп, кәсіпкерлер едәуір табыс табатын. Бизнесмендер үкіметтен өтемақы талап етіп отыр.

Славомир Дрон, кәсіпкер:

- Беловьеза орманы – бүкіл еуропалықтар демалуға келетін ерекше аймақ, ірі туризм орталығы. Шекара бойында буферлік аймақ құрылғалы бірнеше ай бұрын тапсырыс беріп қойған туристер ақшасын кері қайтарып жатыр. Бұл – біз үшін үлкен шығын. Бизнес нысандарынан басқа барлық мекемелер қалыпты жұмыс істеп тұр. Бірақ туристердің емін-еркін жүріп-тұруына тыйым салынды. Үкімет бізге өтемақы төлесін.

 

Тайвань тауарларына шектеу қойылды

Дербес экономикалық саясат жүргізіп келген Тайваньға Қытай тарапынан қысым күшейді. Ресми Бейжің аралдан шығатын 134 тауарға берілетін жеңілдікті алып тастаған. Бұл шектеуді Қытай Мемлекеттік кеңесінің Кедендік тариф комиссиясы 15 маусымнан бастап енгізді. Мұның кесірі бірінші кезекте бизнес нысандарына тиіп жатыр. Тіпті Тайваньдағы кәсіпорындарды мәжбүрлі түрде шетелге көшіру мәселесі де туындады. Қазірдің өзінде аралдың жалпы ішкі өнімі 1,31%-ке, ал экспорт көлемі 10%-ке қысқарған. Сарапшылар: «Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш», – дейді.

Тең Тай-Сиен, бұғаздардың экономикалық және мәдени алмасу қауымдастығының бас хатшысы:

- Ең бірінші мәселе, АҚШ Тайванның жоғары сапалы чиптерін Қытайдың құрлық аймағына сатуға тыйым салды. Бұл біздің интегралдық микросхемалар экспортының шамамен 16%-ке төмендеуіне әкелді. Менің ойымша, бұл Тайвань экономикасына үлкен зиянын тигізеді.

Климат та, геосаясат та – сыртқы факторлар. Бірақ мұның зардабын бірінші кезекте бизнесмендер тартады. Климат жағдайында қауіп-қатерге ел үкіметтерінің дайындығы кемшін болса, ал геосаясатта мемлекеттердің бір-біріне қырғи-қабақ танытуы кәсіпті нәсіптен қағып отыр.