Қытайда лай көшкінінен тоғыз адам көз жұмды

Әлем елдерінде күн райы құбылып тұр. Қытай мен Сальвадорда қатты жаңбыр жауып, көшкін жүрді, деп хабарлайды 24kz.

Адам шығыны бар. Пенсильвания мен Канадада керісінше аптап ыстық әбден жұрттың мазасын қашырған. Табиғи апаттың салдары жайлы келесі топтамада.

Қытайдың оңтүстігінде қатты жаңбыр жауып, көшкін жүріп, 9 адам опат болды. Тағы 17 кісі із-түзсіз жоғалып кетті. Әсіресе, Гуандун және Фуцзян провинцияларында ахуал күрделі. Табиғи апаттың кесірінен үйлерді су басып жатыр. Жолдар жабылып, егістік алқаптарына зақым келді. Бұрын-соңды болмаған мұндай жағдайды метереологтар экстремалды ауа райына балап, алдағы күндері жауын-шашынның тоқтамайтынын ескертті.

 

Сальвадорда жауыннан жүздеген адам эвакуацияланды

Сальвадорда да жағдай осыған ұқсас. 11 адам селдетіп құйған жаңбырдың құрбаны болды. Марқұмдардың үшеуі кәмелет жасына толмағандар. Толассыз жауыннан оңтүстік Мексикадан батыс Панамаға дейінгі Тынық мұхиты жағалауын су басып жатыр. 1 мыңдай кісі эвакуацияланып, уақытша баспаналарға орналастырылды. Синоптиктер осы аптада елдің көп бөлігінде жаңбыр жиілеп, кей аймақтарда дауыл соғатынын ескертті.

 

Пенсильванияда аптап ыстық басылмай тұр

Пенсильванияда керісінше тұрғындар ыстықтан зардап шегуде. Аптаптан қорғану үшін адамдар су айдындары мен бассейндерді жағалағап жүр. Дүкендерде салқын су сатып алу үшін кезекке тұрған жұрттың қарасы көп. Метереологтар күннің ысуы әлі бірнеше күн жалғасатынын айтып, тұрғындарды барынша абай болуға шақырды. 

 

Канадада күн жанып тұр

Канаданың Торонто қаласында да аптап ыстық тұрғындардың мазасын қашырған. Сынап бағанасы 35 градустан асып, қоңыр салқынға үйренген жұрт жасыл желек жағалап, көлеңкелерді паналауда. Синоптиктер болса, алда күн қазіргіден бетер ысып, рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін екенін ескертті.

 

Эквадорда іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Эквадорда лай көшкінінен кейін іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Құтқару бригадасы 3 адамның мәйітін тапты. Табиғи апат салдарынан аймақта қозғалыс қиындап, жүріс шектелген. Мектептер уақытша жабылған. Көшкін салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева