Әлемнің 11 қаласына су дағдарысы төніп тұр
Ғасыр соңына таман әлем халқының үштен екісі су тапшылығын өткір сезінуі мүмкін.
Нидерланд ғалымдары осылай деп болжап отыр. Олар әсіресе Африка, Азия және Оңтүстік Америкадағы жағдайға алаңдаулы. Мамандардың айтуынша, бәріне климаттың өзгеруі мен демографиялық дүмпу себеп. Қазірдің өзінде тіршілік нәрінен тарығып отырған өңірлер аз емес қой. Оларда осы түйткілді шешу үшін қандай шаралар қолға алынған?
Су тапшылығынан Азия, Африка, Латын Америка ғана емес, тіпті Еуропа елдері де зардап шегіп отыр. Кәрі құрлықтың кей аймақтары дағдарысты еңсеру үшін суды үнемдеуге көшкен.
Үндістанда су дағдарысы ушығып барады
Ғалымдар келешекте су дағдарысы төніп тұрған әлемнің 11 қаласын жария етті. Арасында Бейжің, Каир секілді ірі шаһарлар бар. Мамандар әсіресе Үндістан мен Мексика асатаналарындағы жағдайға алаңдаулы. Мехикода қуаңшылықтан жергілікті қоймалардағы су азайып кеткен. Осының кесірінен айдың соңына таман мұнда 9 миллионға жуық адам тіршілік нәрінің тапшылығын сезінуі мүмкін. Нью-Делиде де осыған ұқсас жағдай. Аптап ыстықтан шаһар халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп тұрған Джамна өзеніндегі су деңгейі күрт төмендеп кеткен. Жұрт 2019 жылы Ченнайдағы оқиға қайталана ма деп қауіптенеді. Ол кезде су тапшылығынан 9 миллион тұрғыны бар шаһар көп зардап шеккен еді. Жалпы Үндістанда жас басталғалы жауын-шашын мөлшері әдеттегі көрсеткіштен 20%-ке аз түскен. «Сондықтан елде азық-түлік дағдарысы орнауы мүмкін», – дейді мамандар.
Сауалнама:
- Біздің ауылда су жоқ. Әйелдер бала-шағасын сүйреп, түнгі 12-ге дейін тоғанның жанында отырады. Соның өзінде ары кетсе 3-4 құмыра ғана толтыра алады. Ондағы лас су ішуге келмейді.
- Таза ауызсу жоқ. Балаларым лас су ішеміз деп ауруханадан бір-ақ шықты.
Судың да сұрауы бар
Ирактағы жағдай да күрделі. Мұнда су тапшылығынан жыл сайын 400 мың гектар егіс алқабы жарамсыз болып қалады. Ауыл шаруашылығы былай тұрсын, тұрғындардың өзі ішетін ауызсуға жарымай отыр. Халықтың 98%-ін тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін Ефрат және Тигр өзендерінің деңгейі кейінгі 40 жылда үштен екіге азайған. Бұған климаттың өзгеруі себеп. «Оның үстіне тіршілік нәрі тиімді пайдаланылмайды», – дейді мамандар. Ирак осы мәселе бойынша көрші елдермен дауласып жатады. Былтыр мәселені шешу мақсатында БҰҰ-ның Таяу Шығыс бойынша трансшекаралық сулар жөніндегі конвенциясына қосылды.
Ауызсу тапшылығы Еуропа үшін де өзекті
Тіршілік нәрінің тапшылығы Еуропа үшін де өзекті. Испанияның Каталония аймағында биыл қыста қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланып, үнемдеу шаралары енгізілді. Тұрғындарға күніне 200 литрден артық пайдалануға тыйым салынған. Қазір жағдай біршама жақсарған. Жаңбыр жиілеп, өңірдің берекесі кіре бастады. Билік енді дағдарысты болдырмас үшін Су ресурстары агенттігіне қосымша 2,5 миллиард еуро бөлуді жоспарлап отыр. Қаржы алдағы 3 жылда өңірдегі су станцияларын көбейтуге жұмсалмақ. Жергілікті кәсіпкерлер де аймақта су тапшылығы қайталанса, салаға кері әсер етуі мүмкін деп ескертіп отыр. Себебі Каталония бюджетіне туризмнен көп пайда түседі. Ал статисткаға сүйенсек, туристер тұрғындарға қарағанда суды 10 есе көп тұтынады екен.