Швецияға қоқыс жетпей жатыр

Біз қоқыс, қалдықтан арыла алмай жатсақ, шведтер оны сатып алып жатыр.

Тіпті сатып алуға қоқыс жоқ. Оны өзге елдерден экспорттайды. Кәсіптің көзін тапқан ел осы. Сөйтіп еуропалықтар бірі қоқыс сатып алып, бірі сатып пайда тауып жатыр.

Ал жапондар қоқыстан алтын өндіреді. Онысын Олимпиада ойындары кезінде бүкіл әлемге паш еткен еді.

Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 99 пайызы кәдеге жаратылады. Тұрғындар бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Қағаз, пластик, металл, шыны дегеннің бәрін бөлек-бөлек тастайды. Мұнда қалдықтардың жартысы қайта өңдеуге жіберіледі. Енді қалған жартысы өртеліп, одан алынған газ үйлерді жылытуға жаратылады. Қоқыстың тек 0,8 пайызы ғана полигонға түседі. Керек десеңіз, корольдік қоқысты өзге елдерден сатып алады. Өйткені жергілікті зауыттарда өртеуге қажетті шикізат жетпейді. Сөйтіп қалдықтар Норвегия, Ұлыбритания, Италиядан әкелінеді. Осылайша біріншіден, Швеция арзан энергия көзін алады. Екіншіден, қоқысты кәдеге жаратудан пайда көреді.

Германия қоқыс сатып пайда табады

2022-жылы Германия Еуроодақ бойынша өз аумағынан сыртқа ең көп қоқыс шығарған мемлекетке айналды. 735 мың тонна пластиктің көп бөлігі Нидерланд, Түркия мен Польшаға жіберілген. Негізі неміс елі қалдықтарды кәдеге жарату бойынша үздіктердің бірі саналады. Мұнда оның төрттен үш бөлігі қайта өңделеді. Ескі жаһаз секілді ірі қоқысты контейнерге тастауға, не үйдің жанында қалдырып кете беруге болмайды. Ол үшін айыппұл қарастырылған. Мұндай заттарды полигонға апарып тастау керек. Не арнайы қызметті шақырту қажет. Ал егер ережені бұзған адамның кім екені анықталмаса, онда қоқысты шығару шығындары сол үйдің бүкіл тұрғындарының мойнына артылады.

Жапония қоқыстан алтын өндіреді

Жапонияда қалдықтардың 46 пайызы қайта өңделеді. Күншығыс елі мұның қаншалықты тиімді екенін Токиодағы Олимпиада ойындары кезінде көрсетті. Ондағы медальдар электронды құрылғыларды қайта өңдеу арқылы жасалған. Бұған бүкіл тұрғындар атсалысып, 79 тонна ескі гаджет жинаған. Бір ұялы телефонда шамамен 0,034 грамм алтын, 0,35 грамм күміс, 16 грамм мыс болады. Ал Олимпиада қалашығындағы 18 мың төсектің бәрі қайта өңделген картоннан жасалды. Алау алып жүретін спортшылардың киімін өндірудің өзіне пластик шөлмектер қолданылған.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева