Бүгін - Дүниежүзілік босқындар күні

Таудай боп үйілген қоқыс – түрлі індеттің таралу ошағы.

Оның зардабын тартып жүрген босқындар бар.

Бұл әрине бірінші кезекте қақтығыс жайлаған немесе экономикалық жағдайы төмен елдерге тән. Босқындардың барар жері, басар тауы, лас орындарда тұрудан басқа амалы жоқ.

Кейбір мамандар «Қоқыс – керексіз қалдық, ал босқын – қатігез қоғамның қажетсіз жандары» деген ащы ой айтады.

Экономикалық даму қарыштаған және мәдениет өркендеген қазіргідей өркениетті заманда, адамдардың қоғамға керексіз болып, денсаулыққа қатерлі аумақта өмір сүруге мәжбүр болуы – өте ұят және қорқынышты жағдай.

Қоқыс — індет ошағы

Қоқыс зардабын ең қатты тартып отырғандар - өз жерінде босқынға айналған палестиналықтар. Израильдің әуе соққылары олардың үйін тас-талқан еткен. Сондықтан Газа секторының Рафах қаласындағы міскіндер шатырларда тұрып жатыр. Олар үйілген қалдықтың ортасында өмір сүруге мәжбүр. Бұл орындарда санитарлық  талап мүлде сақталмайды. "Жығылғанға - жұдырық" демекші, аш-жалаңаш тұрғындар арасында түрлі індет таралып жатыр. Инфекциялар салдарынан әсіресе, асқазан-ішек, тыныс алу, іш өту, тері аурулары көбейген.

Далал Әл-Дабба, палестиналық босқын:
-
Мен 4 баланың анасымын. Біз қоқыстың арасында тұрып жатырмыз. Осының кесірінен балаларымның ауырмаған ауруы жоқ. Зиянды қалдық тамақты да, суды да ластап жатыр. Қолданатын дені дұрыс зат та жоқ. Кір-кір маталар мен пластиктерді тұтынуға мәжбүрміз. Індет таралмағанда қайтеді!

Мұхаммед Әл-Дабба, палестиналық босқын:
-
Біздің көрген азабымызды ешкімнің басына бермесін. Соғыстан, зымырандардан қашып, қатты ластанған аумақта, қоқыстың ортасында тұрудан басқа амалымыз қалмады. Газа секторында ауруханалардың бәрі жермен-жексен болды. Бірен-саран дала емханалары жұмыс істеп тұр. Бірақ олардың өзінде дәрі-дәрмек жоқ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, қазір Газа секторындағы 36 аурухананың 10-ы ғана жұмыс істеп тұр.

Хасан Әл-Шаер, дәрігер:
-
Өкінішке қарай, шатырларда тұрып жатқан босқындар арасында түрлі аурулар белең алып барады. Осы сәтке дейін жұқпалы індет жұқтырған 700 мың адамның тізімін жасадық. 8 мың науқас сары ауруға шалдыққан. Яғни лас су мен тамақтың кесірінен адамдардың бауыры қабынған.

БҰҰ: әлемде 120 млн босқын бар

Қоқыс арасында тұрып, түрлі ауруға тап болған босқындар жайлы бүгін жайдан жай әңгіме қозғап тұрған жоқпыз. Бүгін - Дүниежүзілік босқындар күні. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемде туған елінен безуге мәжбүр адамдар 120 миллионға жеткен. Бұл кейінгі 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіші. Босқындардың 75 пайызы табысы төмен және орташа елдерде тұрады. Яғни олардың үлесі жағдайы жақсы, дамыған мемлекеттерде айтарлықтай аз. Десе де табысы төмен елдерде өмір сүру көп жағдайда босқындардың өз таңдауы емес. Негізі олар дамыған мемлекеттерде тұрақтауды көздейді.

Филиппо Гранди, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Босқындар саны 120 милллионға жетті. Былтыр ғана 114 млн болған. Осылайша 1 жылда 6 миллионға артты. Биыл Судан мен Газа секторынан бас сауғалап қашқандар көбейді. Босқындардың басым бөлігі кедей елдерге табан тіреген. Сондықтан біз мұны бай мемлекеттердің ғана мәселесі деп қарастырғанды доғаруымыз керек. Африкалық босқындар мүлде назардан тыс қалды. Босқындар мәселесі ешқашан жойылмайды, сондықтан ештеңе істей алмаймыз деген пікір бар. Бұл ұят әрі қорқынышты түсінік.

Германия босқындарды азайтады

Еуроодақтағы ең бай ел Германияның өзі босқындар мәселесіне бас қатырып жатыр. "Сара Вагенкнехт альянсы" партиясы канцлерге ашық хат жолдады. Онда неміс азаматтарының 13,3 пайызы, яғни 11 миллионнан астам тұрғынның ет пен балық жеуге мүмкіндігі жоқтығы айтылған. Ал электр жарығын тұтыну бағасы 7 пайызға, газ қолдану құны 44 пайызға көтерілген. Саясаткерлер осындай дағдарыс кезінде келімсектерді жарылқағанды қою керек дейді. Мысалы, қазір Германияда 718 мың жұмыссыз украиналық мигрант бар екен. Олар айына 563 еуро жәрдемақы алады.

Олаф Шольц, Германия канцлері:
-
Біз заңсыз мигранттар нөпіріне қарсы 20 жыл бойы тынымсыз күрес жүргізіп келеміз. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Кейінгі жылдары босқындар қатары едәуір азайды. Бұл істі жүйелі түрде жалғастыра бермекпіз. Негізі біздің елге келімсектер Балқан және Жерорта жақтан келеді. Міне, сол елдермен ортақ келіссөздер жасауымыз қажет.

Десе де әлем халқының басым бөлігі "туған елінен безген босқындарды табаны тиген кез келген мемлекет еш кедергісіз қабылдауы қажет, оларға жан-жақты көмек көрсетілуі керек" деген ұстанымды қолдайды. Оған қатысқандардың 75 пайызы соғыс, қақтығыс және қуғын-сүргін салдарынан жат жерге мәжбүрлі түрде қоныс аударғандың кінәсі жоқ, сондықтан оларға қамқорлық жасау - адамзаттың асыл парызы деп есептейді.