Өзбекстан зиянкестермен күресіп жатыр

Өзбекстанда шегіртке сексеуіл алқабын жайпап жатыр.

Зиянкестің бұл түріне қарсы күресті күшейту үшін химиялық өңдеу жұмыстары қолға алынды. Әлеуметтік желіде таралған мәліметке сай, Бұхара облысының Газли ауданында шегіртке қаптап, жол бойы мен үйлердің ауласын жайлаған. Жергілікті билік оның егін алқаптарына зор залал тигізуі мүмкін екенін ескеріп, зиянкеске қарсы күресті күн-түн демей жүргізіп жатыр. Әсіресе, Жызақ, Науаи, Самарқан облыстары, сондай-ақ Қарақалпақстандағы алқаптар басты назарда. Еске салайық, былтыр өзбекстандық өсімдік қорғау саласының өкілдеріне дүниежүзілік азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы 8 көлік берген еді. Соңғысы шекірткемен күрес шаралары үшін арнайы қондырғымен жабдықталған.

Нодирбек Туфлиев, Өзбекстан өсімдіктер карантині және қорғау ҒЗИ зертхана меңгерушісі:
- Бүгінде сексеуіл бүкір шегірткесін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жәндік күн сайын 50-60 шақырымға ұша алады, негізінен сексеуіл жапырағын жейді. Сондықтан егіс алқаптарына зиянын тигізбеуі үшін бар күшті химиялық өңдеуге жұмылдырған жөн. Қазір шекаралас өңірлерде жәндіктің таралу қаупін азайту мақсатында арнайы шаралар қолға алынып жатыр.