Корейлер Қазақстанды көргісі келеді
Биыл елге келетін туристердің саны 30 пайызға өсуі мүмкін.
Бұл болжам Сеулде еліміздің курорттарын таныстыру бойынша семинарда айтылды. Қазақстан елшілігі мен ұлттық туризмді дамыту компаниясы ұйымдастырған іс-шараға Оңтүстік Кореяның 50-ден астам туроператоры қатысты.
Былтыр Қазақстанға 35 мың оңтүстік кореялық келген. Олардың көбі жазда гольф клубтарына барса, қыста шаңғы теуіп демалып қайтқан. Биыл Астана мен Сеул арасында тікелей әуе рейсінің қайта ашылуына байланысты Оңтүстік Кореядан келетін туристер қарасы көбеюі мүмкін.
Шырын Мусина, Kazakh Tourism ұлттық компаниясын ілгерілету департаментінің директоры:
- Біздің болжамымызша, биыл елімізге саяхаттап келетін шетелдіктердің саны 30%-ға артуы ықтимал. Өйткені әуе рейстері, оның ішінде тікелей рейстер ашылды. Бұған қоса, елімізді жаңа, қызықты туристік бағыт ретінде қарастыратын шетелдік туристер көбейді.
Ким Дэ Ён, туристік компания директоры:
- Қазақстанға баратындардың басым бөлігі кәсіпкерлер мен жастар. Бүгін презентацияларды көріп, қаншама әдемі жерлер бар екенін білдім. Кореяда гольф өте танымал. Сондықтан осы спорттың жанкүйерлері Алматыға барғысы келеді деп ойлаймын.