Нью-Мексика штатындағы орман өрті: бүтін бір ауыл өртеніп кетті
АҚШ-тың Нью-Мексика штатында орман өртеніп, маңындағы бүтін бір ауыл жанып кетті.
Өрт 2 күнде 6 мың гектар жерді шарпыды. Соның салдарынан Руидосо ауылында 1400 үй қирап, 7 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті полиция бір адамның көз жұмғанын мәлімдеді. Аймақта төтенше жағдай жарияланып, өрт сөндіруге АҚШ Ұлттық гвардиясының қызметі жұмылдырылды.
Брианна Вентура, Линкольн округінің ТЖ қызметі бойынша өкілі:
- Өте ауқымды өрт. Дәл мұндай апатты жағдайды осыған дейін бұл маңнан көрмедім. Тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялап үлгердік. Ауыл бір-ақ сәтте тұруға жарамсыз болып қалды.
Грекияда төтенше жағдай жарияланды
Грекия да орман өртімен арпаласып жатыр. Билік апатқа байланысты төтенше жағдай жариялады. Афина маңындағы аудандарда 60-тан астам өрт ошағы тіркелген. Өрт сөндіруге 150-ден астам маман мен 45 техника жұмылдырылған. Айтуларынша, қызыл жалынмен күресуге аймақтағы аптап кедергі келтіруде. Сынап бағанасы 38 градустан асады.