Марокко шегірткесі — бидайдың қас жауы
Елге көршілес Ресейден шегіртке қаптап келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Зиянкестер Ақтөбе және Қостанай облыстарының аумағына үйірілуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Дегенмен Үкімет қарап отырған жоқ. Біздің тарап шекара бойындағы 104 шақырым жерге шегірткеге қарсы дәрі сепкен.
Шегірткелердің қаптауы ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмек. Әлем осыдан қауіптенеді. Температураның жоғарылауы да, тасқын судың көбеюі де шегірткелердің қаптауына қолайлы жағдай тудырып отыр. Шегірткеден әсіресе Африка мен Оңтүстік Азия елдеріне қауіп зор.
Марокко шегірткесі — бидайдың қас жауы
Қытай және Сингапур ғалымдарының зерттеуіне сүйенсек, Оңтүстік Азия мен Африкаға шегірткелер негізінен Марокко жақтан келеді. Екі құрлықтың ортасында тұрған елдегі зиянкестер күніне 600 метр аумақты еңсере алады. Олар 150-ден астам өсімдік пен 50 дәнді дақылды қанатымен қырқып, тісімен жеп құртады. Шабуыл тоқтаусыз жалғаса берсе, марокколық шегірткелер Ауғанстанның 1 миллион 200 мың тонна бидайын жоқ қылуға қауқарлы. Бұл – елдегі жылдың егіннің 25%-і. Яғни, бюджетке шамамен жарты миллиард доллар шығын әкеледі.
Ричард Тренчард, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі:
- Шегірткелер бидай алқабына қырғидай тиді. Астық ауған жұртының бірден-бір күнкөріс көзі болатын. Халық бірнеше айлық азығынан қағылды. Марокколық шегірткелер өсімдіктер үшін әлемдегі ең үлкен қауіпке айналды.
Бір мезетте 8 млрд шегіртке бірге ұша алады
Шегірткелер ылғалды жақсы көреді. Судың көп болуы олардың көбеюіне қолайлы жағдай тудырады. Күн қатты ысып, құрғақшылық белең алған сайын шырылдауық зиянкестер ылғалды жер іздеп, тынымсыз секіре бастайды. Ғалымдар: «бірге секіретін шегірткелер саны 4-тен 8 миллиардқа дейін жетеді», – дейді. 80 миллион шегіртке 35 мың адамға жететін егіс алқабын бір күнде құрта алады.
Мохаммад Ибраһим, шаруа:
- Шегірткелер бізге жұт болып тиді. Қозғалғанда қарша борайды. Адам жейтін бидайды да, малдың азығы жайылымды да бір сәтте отап шығады. Өсімдік жайқалып тұрған аумақ олардың жорығынан кейін тақыр жерге айналады.
Шегірткелер ерте жетілетін болған
Шегірткелер әдетте мамырда жұмыртқа басып, дернәсілдері маусымға қарай жаяу жорыққа шығатын, 35-40 күннен кейін қанаттанатын. Ал климат өзгергелі олар наурызда ерте жетілетін болды. Бұрын мыңдап көбейсе, қазір он мыңдап, жүз мыңдап қаптайды. Мамандар: «үкіметтер шегірткелерге қарсы қатаң шаралар қабылдап, жүйелі күрес жүргізуі керек», – дейді. Әйтпесе келер жылы олардың көбею қарқыны жүз есе артуы әбден мүмкін.
Ричард Тренчард, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі:
- Шегірткемен күресудің 2 түрлі әдісі бар: механикалық және химиялық. Механикалық тәсіл өте қарапайым. Яғни, шегірткені даланы жаяу кезіп жүріп, қолмен немесе басқа құралдармен өлтіру қажет. Ең тиімді әрі өнімді әдіс – химиялық жолмен жою. Тіпті ұшақтар арқылы әуеден дәрі себу керек. Шегірткелерді тезірек құртпаса, мұның соңы алапат аштыққа әкеледі.
Негізі шегірткелер – құстар, өрмекшілер, шыбындар мен аралардың азығы. Бірақ шамадан тыс қаптаған кезде олардың өзі зиянкескерге қарсы түк істей алмай қалады.
Шегірткелерді құртуда авиацияны пайдалану бұрыннан бар. Бірақ бұл – қымбатқа түсетін әдіс. Ұшақтың өзін айтпағанда, оның жанармайының өзі арзан тұрмайды. Сондықтан заманауи тиімді тәсілдер қажет. Мәселен, Австралияда дрондарды кеңінен пайдалана бастаған.