Түркияда орман өртінен қаза тапқандар саны 12-ге жетті
Түркияның әр түкпірінде орман өрті тұтануда, деп хабарлайды 24kz.
Диарбакыр мен Мардиндегі жазық далада шыққан алапат өрттен қаза тапқандардың саны 12-ге жетті. Олардың екеуі төрт түлігін құтқарамын деп ажал құшқан шопан. 78 адамды күйік шалған. Бесеуінің жағдайы ауыр. 15100 гектар алқап күлге айналды. Бұдан бөлек, 500-ден астам жануар отқа оранған. Ал, Маниса өңірінде орманды алқапта шыққан қызыл жалын шамамен 300 гектар аумақты жалмады. 450 үйден тұратын екі ауыл қауіпсіз жерге көшірілді. 14 сағаттан астам уақытқа жалғасқан жалынды ауыздықтауға 4 ұшақ, 3 тікұшақ, 10 су танкері, 2 су құбыры көлігі және 2 бульдозер жұмылдырылды.
Айта кеткен жөн, биылғы жаздың ыстық болатынын ескерген мамандар орман өртін ерте анықтау үшін әскери ұшқышсыз аппараттарды қолдана бастады.
Мунир Каралоғлу, Түркия Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Елдің әртүрлі бөліктеріндегі орман өрттерімен күресіп жатырмыз. Бір ғана Диарбакырда 8100 гектар аумақ күлге оранды. Оның 1450 гектары орылмаған арпа мен бидай алқабы еді. Қалған 6550 гектары егістік жер. Мардинде 7 мың гектар жер өрттен зардап шекті. Оның 4 мың гектары орылмаған алқаптар болса, 3 мың гектары орылған сабанды жер. Әрине, шығын бұл ғана емес. Тұрғындардың егістік суару техникасы, құбырлары мен электр инфрақұрылымы да зақымданған. Бүгін шығынды анықтау жұмыстары басталды.