Түркия иесіз иттерге қатысты жаңа заң қабылдауға ниетті

Бұған елде бос жүрген хайуандардың күрт артуы себеп.

Қазір иесіз иттер саны 4 миллионнан асқан. Бұл мәселесінің ушығып бара жатқанын байқатады.

Түркия көп жылдар бойы қаңғыбас иттердің көбеюінің алдын алу үшін кастрация шарасын қолданып келген. Десе де бұл әдіс тап қазіргі жағдайда жарамсыз дейді жаңа заң жобасын әзірлеушілер. Ғылыми деректерге сүйенсек, аталмыш мәселені шешу үшін бір жылдың ішінде кем дегенде 70% төрт аяқтыға кастрация жасау керек. Дегенмен, соңғы 5 жылда орта есеппен 260 мың, соңғы бір жылда 350 мың ит зарарсыздандырылған. Сонымен қатар, қаңғыбас иттер құтыру ауруына қатысты айтарлықтай қауіп төндіреді. Осы себепті, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Түркияны құтыру ауруы бойынша қауіптілігі жоғары деңгейлі елдер қатарына қосқан. Түрік билігі бұл мәселені түбегейлі шешуге бел буды. Осы орайда жаңа заңды әзірлегендер иесіз хайуандарды эвтаназия жасау қажет деп есептейді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Қаңғыбас иттердің санын азайтып, оларды бір ретке келтіру үшін кастрация әдісін қолданғымыз келді. Бірақ бұдан нәтиже шықпады. Бұл әдіс қаңғыбас жануарлардың санын азайтпайтынын көрсетті. Енді бұл мәселенің түбегейлі шешімін табу керек. Біз бұл мәселені шешкен елдердің тәжірибелерін қарастырамыз. Барлық тараптармен кеңесіп жатырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі панасыз ит мәселесін ұзақ уақыт бойы жан-жақты зерттеп келеді.

Абдуллах Гүлер, депутат:
- Біз қоғамның барлық топтарымен кездесулер өткіздік. Соның ішінде ит шабуылынан зардап шеккен отбасылармен, жол-көлік оқиғаларында қайтыс болған немесе жарақат алған адамдармен, құтыру қаупі бар және ем қабылдаушылармен  пікірлестік. Ең маңызды әдіс кастрация болмақ. Жануарларды жақсы көретін азаматтарға оларды асырап алуға кеңес береміз. Ал эвтаназия міндетті. Ветеринариялық қызмет туралы заңға сәйкес, бізде әлеуметке қауіпті, құтыру қаупі бар, ауру немесе асырап алу мүмкін емес және қоректенуі қиын үй жануарлары бар.  Сондықтан біз басқалардың да денсаулығығын қорғауымыз керек.

Заң жобасы бойынша қоғам пікірі қақ айрылды. Бірі қолдаса, екіншісі түбегейлі қарсы. Әсіресе, қаңғыбас иттердің арнайы орынға орналасқаннан кейін 30 күн ішінде иесі табылмаса көзін ұйықтату арқылы жойылуын естіген төртаяқтылардың құқығын қорғаушылары дабыл қағып отыр.

Өзгүл Өзел, Республикалық халық партиясы жетекшісі:
- Зарарсыздандыру науқанын 81 провинциядағы 973 ауданда шұғыл бастау қажет. Жануарлар құқығын қорғау қорын құрып, бұл қорды жарналар толықтырып отыруы  керек. Олар ат жарысынан, спорт лотодан және лотереядан түсуі тиіс.  Стерилизацияны осы қор арқылы жасаған жөн. Өлтіру – соңғы амал емес.

Ахмет Кемал Шенполат, Жануар құқығы федерациясының төрағасы:
- Иесіз жануарлардың көбеюіне қарсымыз. Әрине, бұл адамгершілік жолмен болуы тиіс. Мұның жалғыз жолы - кастрация.

Жалпы Анадолы жұрты үй хайуандарын ерекше қастерлейді. Қала көшелерінде тұрғындардың жиі қаңғыбас ит пен мысықтарға азық беріп тұрғанын көруге болады. Мәселен, Божи есімді басы бос ит - әлеуметтік желі жұлдызына айналған. Оны жиі Ыстамбұлдағы метро, автобус пен паромдарда кездестіруге болады. Десе де, соңғы жылдарда иттерге қатысты шағымдар да жиілеп кеткен. Мәселен, 5 жыл ішінде үй хайуандарымен соқтығысқан жол-көлік оқиғаларының саны 3,5 мыңды құраған.