Зауыт өртеніп, 20 адам қаза тапты
Оңтүстік Кореяның Хвасон қаласында аккумулятор батареясын шығаратын зауыт өртеніп, 20 адам қаза болды.
Марқұмдардың арасында өзге елдердің азаматтары бар. Оқиға орынында тілшіміз Владислав Цой жүр. Қазір ол бізбен байланысқа шығуға дайын. Владислав, өрт неден шыққанын, жалпы оқиғаның мән-жайын толығырақ айтып берсеңіз.
Владислав Цой, тілші:
- Өрт Астана уақыты бойынша, шамамен сағат 11-де жалпы аумағы 2300 шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта шықты. Оны сөндіруге 50-ге жуық көлік қолданылды. Мамандар жалынды 3 сағаттан кейін барып сөндірді. Оқиға кезінде ғимаратта 67 жұмысшы болған. Олардың көпшілігі шығып үлгергенімен, 20-дан астам адам ішінде қалып қойған. Бастапқыда Өртке қарсы қызмет өкілі 23 адамның із-түзсіз жоғалғанын, оның ішінде 20 шетелдік екенін хабарлаған еді. Әзірге 20 адамның қайтыс болғаны расталып отыр. Бір кісі құтқарылды, бірақ ол ауруханада алған жарақатынан көз жұмды. Тағы 2 кісі өрттен құтылу үшін 3 метр биікттіктен секіріп, жараланды. Оның үстіне денелерін түгел күйік шалған.
Құтқарушылардың айтуынша, қаза тапқандардың көпшілігі 2-ші қабаттан табылған. Ол жерде баспалдақ бар еді, бірақ оларды пайдалан алмаған. Неліктен екені әлі белгісіз.
Зауыт Хвасон қаласына қарайтын Сонсан қаласында орналасқан. Бұл шаһарда ТМД елдерінен, соның ішінде Қазақстан азаматтары да тұрады. Бірақ Қазақстан елшілігіне хабарласып едік, зауыттағы өрттен қазақстандықтар жапа шеккендігі туралы ақпар түспегенін айтты.
Алдын ала болжам бойынша, өртке жарылыс себеп болған. Зауыт литий батареяларын шығарады. Бұл металл өте тез тұтанады. Құтқарушылар өрт кезінде ғимараттың 2-ші қабатында 35 мың аккумулятор сақталғанын хабарлады. Ал батареялар бірінен соң бірі жарыла бастағаннан кейін өрт тез тарады деп отыр.